26 қараша 2026 Астана +2° USD 458,85EUR 503,50RUB 5,59CNY 68,90

Қазақстан және Орталық Азия жаңалықтары

Ауыр қаза, қайсар үміт және 51 жастағы ана бақыты туралы. Маңғыстау тұрғынының шынайы хикаясы

Күмісай Палекеева қарапайым тіршілік кешіп жүргенде, тағдырдың қатал сыны оның бүкіл өмірін түбегейлі өзгертерін сезбеген еді: барлық перзентінен айырылған ол 51 жасында қайтадан ана атанды, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Ауыр қаза, қайсар үміт және 51 жастағы ана бақыты туралы. Маңғыстау тұрғынының шынайы хикаясы
Фото: Stan.kz

Күмісай Палекеева қарапайым тіршілік кешіп жүргенде, тағдырдың қатал сыны оның бүкіл өмірін түбегейлі өзгертерін сезбеген еді: барлық перзентінен айырылған ол 51 жасында қайтадан ана атанды, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде маңғыстаулық Күмісай есімді асыл ана қолына нәрестесін алып, ұзақ үзілістен кейін қайтадан бесік тербетіп отыр. Бірнеше ауыр қайғыны бастан кешіп, үйіндегі бала күлкісінен айырылған әйел мен оның жүктілігін бақылаған дәрігер Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ана болуға қалай дайындалғанын, 51 жаста бала көтерудің қаншалықты күрделі болғанын және осы жолдағы барлық қауіп-қатерді қалай еңсергенін бүкпесіз айтып берді.

"Үйіміз бос қалған соң, алға ұмтылуға себеп керек болды"

Біздің кейіпкер өмірінде бес рет құрсақ көтерген. Алайда ана жүрегін жаралаған қасіреттер бірінен соң бірі жалғасты. Оның бір ұлы жол-көлік оқиғасынан мезгілсіз бақилық болса, тағы бір сәбиі дәл дүниеге келер сәтте шетінеп кеткен. Ал былтыр, 23 ақпанда, отбасы күтпеген жерден тағы үш перзентінен бірдей айырылды. Қайғылы оқиға Ақтау қаласының маңындағы "Қаламқас" тұрғын алабында болған еді. Үйде қалған үш бала көміртек тотығынан уланып, тіл тартпай кетті. Марқұмдардың бірі отбасының үлкен қызы, екіншісі колледжде оқитын студент, ал кенжесі мектеп оқушысы еді. Мамандардың алдын ала болжамынша, баспанадағы жылыту пешінің мұржасы болмаған. Осы қайғылы қазадан кейін қара шаңырақтың күлі көкке ұшып, өмірлері мүлде басқа арнаға бұрылды.

Балаларының сыңғырлаған күлкісі бір сәтте тыйылған үйді көру Күмісайға да, оның жолдасы Айдарбекке де оңай тимеді. Десе де, ана жүрегі үміттен бас тартпады. Сол жылдың қыркүйек айында ерлі-зайыптыларға тегін ЭҚҰ бағдарламасы бойынша арнайы сертификат берілді. Жұбайы Айдарбек бастапқыда бұл қадамға қарсылық танытқанымен, жақындары мен достарының демеуінен кейін тәуекелге бел байлап, келісімін берді.

Күмісай өткен күндерді еске алып, өз ойын бөлісті:

"Үйіміз бос қалған соң, тым болмаса ЭКҰ арқылы бала көтеріп, дүниеге әкелсем деп шештім. Қасымда сүйеніш болатын, қамқорлық көрсететін жан болса екен дедім. Сол үшін өмір сүріп, алға ұмтылуға себеп керек болды", – деп ағынан жарылды біздің кейіпкер.

"Оған алдымен балалардың жылдығын өткізіп, содан кейін ғана әрекет етуді ұсындым"

Күмісайдың денсаулығын бақылауға алған гинеколог-репродуктолог Әйгерім Ахметованың айтуынша, науқас орталықтың табалдырығын алғаш аттағанда, балаларының қазасына әлі бір жыл да толмаған еді. Дәрігер асығыстық танытпай, ерлі-зайыптыға уақыт беруді жөн көрген.

Әйгерім Ахметова қабылдау кезіндегі жағдайды былай деп түсіндіреді:

"Күмісай бізге келген кезде балаларының қайтыс болғанына әлі бір жыл толмаған еді. Сондықтан асықпай, уақыт беруді жөн көрдік. Оған алдымен балалардың жылдығын өткізіп, содан кейін ғана әрі қарай әрекет етуді ұсындым. Себебі ол кезде ерлі-зайыптының ойы екіге бөлініп, психологиялық тұрғыдан әлі дайын емес еді".

Маманның сөзінше, Күмісай медициналық көмекке 49 жасының соңында жүгінген. Дәрігерлер оны толық тексеруден өткізіп, алғашқы эмбрионды көшіруге дайындағанша біраз уақыт кетті. Өкінішке қарай, алғашқы әрекет сәтсіз аяқталды. Тек бірнеше айдан кейін жүргізілген тыңғылықты дайындықтан соң, екінші эмбрион сәтті салынған. Осы ұзақ кезеңдердің барлығы артта қалып, әйел 51 жасында аман-есен босанды.

"Мұндай жаста жүктілікті жоспарлау кезінде, ең әуелі, әйелдің бүкіл ағзасын тексеру қажет"

Дәрігер 51 жаста жасанды ұрықтандыру арқылы жүкті болудың физиологиялық тұрғыдан аса ауыр екенін жасырмайды. Себебі жас ұлғайған сайын адам ағзасында өзгерістер орын алып, қан айналымы мен қан ұю жүйесінің бұзылу қаупі артады. Сондай-ақ жатырдың жағдайы мен ағзаның тоғыз ай бойы баланы көтере алу мүмкіндігі аса маңызды.

Осы себепті Күмісайға эмбрион салмас бұрын, оған кардиолог, терапевт, эндокринолог, маммолог, нефролог және гастроэнтеролог сынды бейінді мамандардың кешенді тексеруі жүргізілген.

Репродуктолог бұл шешімнің оңай болмағанын айтады:

"Мұндай жаста жүктілікті жоспарлау кезінде, ең әуелі, әйелдің бүкіл ағзасын тексеру қажет. Жүрек пен қан тамырларының жұмысы, қан қысымы, эндокриндік жүйесі және басқа да мүшелердің жағдайы қаралады. Біз барлық маманның қорытындысын алғаннан кейін ғана жүктілікке мүмкіндік бар деген шешімге келдік".

Әйгерім Ахметова жүктілік кез келген жаста әйел өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін, сондықтан 50 жастан асқан жандарға мұндай мүмкіндік бірдей ұсынылмайтынын ескертті. Мұнда медициналық көрсеткіштермен қатар, баланың болашағы мен отбасының әлеуметтік ахуалы да жіті таразыланады.

"Қасымда сүйеніш болатын жан болса екен дедім..."

Жүктілік кезеңінде жасалған алғашқы доплер-УДЗ кезінде ерлі-зайыпты қыз бала күтіп жүргендерін естіп, қатты қуанған. Бұл жаңалық оларға ерекше қанат бітірді. Ал осы жылдың қыркүйегінде ерлі-зайыптылар 13 жастағы баланы да асырап алып, шаңырақтары қайта жандана түсті.

2026 жылғы 17 қараша күні Ақтаудағы "Ана мен бала" перинаталдық орталығында көптен күткен қуаныш орын алды: Күмісай кесарь тілігі арқылы қыз босанды. Сәбидің салмағы 3 келі 400 грамм, ал бойы 52 сантиметр болды. Кішкентай шаранаға Ария деген есімді әкесі таңдаған. Нәрестенің алғашқы шыққан дауысын естіген сәтте анасы шексіз бақытқа кенелгенін айтып, қолдау білдірген барша жандарға ризашылығын білдірді...

Қазір біздің кейіпкер босанғаннан кейінгі күндерді өткеріп, шаршағанын да жасырмайды. Ол әзірге тынығып, өзі мен сәбиінің күтіміне көңіл бөлмек. Күмісай ендігі өмірін осы екі баласының тәрбиесіне арнап, солардың ержетуіне бар күшін салмақшы.

"Сол үшін өмір сүріп, алға ұмтылуға себеп керек болды", – деп түйіндейді өз сөзін ана.

Сондай-ақ оқыңыз

Пікірлер

Пікірлер модерациядан кейін жарияланады. Ережелер

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.