Алматыда адамдарды шошытатын слайдерлер пайда болды
Алматыда қара киініп, тізесімен жерге сырғанайтын “слайдерлер” қозғалысы тарала бастады. Жастардың бұл әрекеті қоғамда қызу талқы туғызды.

Алматы көшелерінде қара киініп, тізесімен сырғанайтын “слайдерлер” қозғалысы белең алды. Жастардың бұл ерсі қылығы желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды NewsAsia.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Жаңа субмәдениет өкілдері беттерін Kiss тобының әртістері сияқты бояп, тізеқап пен ауыр аяқкиім киеді. Олар жүгіріп келіп, өтіп бара жатқан адамдардың алдында тізелеп сырғанауды әдетке айналдырған. Бағытты ұстанушы Самғат Агаров көшеге шығуға әлі жүрексінетінін айтады.
«Жаңа сән немесе осындай жаңа құбылыс пайда болған кезде адамдар оны бірден сынай бастайды. Тіпті біреу ұрып кетуі де мүмкін. Жалпы, адамдарды қорқытқымыз келмейді. Өйткені бұл жастар туралы теріс пікір қалыптастыруы мүмкін. Жастардың бәрі біз сияқты емес қой”, – дейді Самғат Агаров.
Мамандар мұндай ермектің қаупі зор екенін ескертті. Заңгер Анна Юдинаның мәліметінше, қоғамдық орында жұртты әдейі қорқыту ұсақ бұзақылық саналып, 20-дан 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы немесе қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін. Ал дәрігерлер тіземен сырғанау сүйекті зақымдап, жасөспірімдердің дұрыс өсуіне кедергі келтіретінін айтып дабыл қағуда.
Еске салсақ, бұған дейін желіде жапон комиксінен шабыт алып, аниме мен ойындарды сөз ететін “ЧВК Редан” субмәдениеті де қызу талқыланған еді.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.