Шағын бизнесті орта деңгейге көтеру үшін қандай шаралар ұсынылды
Құрылтай депутаты Нұрбақыт Теңізбаев Үкіметке сауал жолдап, шағын кәсіпорындардың орта бизнес санатына өтуін ынталандыру тетіктерін ұсынды, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz және Turkystan.kz басылымдарына сілтеме жасап.

Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Нұрбақыт Теңізбаев Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдап, елімізде орта кәсіпкерліктің үлесін арттыру мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін қайта қарау қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды NewsAsia.kz Aikyn.kz және Turkystan.kz басылымдарына сілтеме жасап.
Парламент өкілінің айтуынша, елімізде кәсіпкерліктің кең базасы құрылғанымен, компаниялардың келесі деңгейге өсуі шектеулі болып отыр. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,9 пайызға жеткенімен, оның ішінде орта бизнестің үлесі небәрі 7,2 пайызды ғана құраған. Ал ұсынылған статистикалық деректерге сәйкес, елдегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың басым көпшілігі шағын бизнеске тиесілі.
«Қазақстан кәсіпкерліктің кең базасын қалыптастырды, алайда компаниялардың келесі сапалы жоғары экономикалық масштабқа өтуі шектеулі күйінде. Мемлекетке шағын бизнестен орта бизнес дәрежесіне өтуге ынталандыру мен мотивация жасап, орта бизнесті ел экономикасының тірегі, әрі „Ұлттық игілікке“ айналдыру маңызды. Себебі, орта компаниялар шетелмен технологиялық бәсекелестікке түсіп, халықаралық нарыққа жоғары өнеркәсіптік бөліністегі тауар шығаруға қауқарлы болады», – деп атап өтті депутат.
Бұдан бөлек, спикердің айтуынша, мемлекеттік субсидия, кепілдік пен лизинг тетіктерінің қайтарымын бюджеттің әр теңгесіне шаққандағы өнімділік негізінде тұрақты бағалап отыру қажет. Сонымен қатар орта бизнес субъектілерінің санын арттыру міндетін жергілікті әкімдіктердің негізгі тиімділік индикаторына (KPI) енгізу тетігі де қарастырылуда.
Осы мәселеге қатысты пікір білдірген экономист Бауыржан Ысқақ та қолдау шараларының нәтижесі бөлінген қаржымен емес, нақты өндірістік көрсеткіштермен өлшенуі тиіс екенін алға тартты.
«Біз кәсіпкерге қанша миллиард теңге несие берілгенін, қанша жоба субсидияланғанын есептейміз. Бірақ сол кәсіпорынның үш жылдан кейін өндіріс көлемі қаншаға өсті, қанша жаңа жұмыс орны ашылды, экспортқа шықты ма, шағын бизнестен орта бизнеске өтті ме деген сұрақтарға жеткілікті мән бере бермейміз. Яғни мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қаржының игерілуімен емес, экономикалық нәтижесімен бағалау қажет», – деп түсіндірді сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметке орта бизнесті дамыту бойынша арнайы іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.