Қос Олжастың кездесуі: бала күнгі арманнан Олжас Сүлейменовтің ақ батасына дейін
Белгілі режиссер Олжас Нұрбай қазақтың көрнекті жазушысы Олжас Сүлейменовпен жүздесіп, ақ батасын алды. Бұл туралы NewsAsia.kz El.kz ақпаратына сүйеніп хабарлайды.

Өнер иелерінің айтулы жүздесуінде танымал режиссер Олжас Нұрбай мен қазақтың көрнекті жазушысы Олжас Сүлейменов бас қосты. Ерекше кездесудің қалай өткенін El.kz мәліметіне сілтеме жасаған NewsAsia.kz шолуынан оқыңыздар.
Кездесу қалай ұйымдастырылды
Қос Олжастың жүздесуін өткізу үшін бір жыл бойы келіссөздер жүргізілген. Қазіргі уақытта жазушы Олжас Сүлейменов 90 жаста. Режиссер бұл кездесуді ұйымдастыру мақсатында алдымен қаламгердің көмекшісімен байланысып, келісімге келген. Жүздесу сәтінде көмекшісі жазушыға Олжас Нұрбайды таныстырып, оның талантты режиссер екенін және бірнеше туындысын тамашалағанын жеткізген. Осыдан соң классик жазушы да өз тарапынан жылы шырай білдірген.
Олжас Нұрбай
Олжас Нұрбай 1990 жылы 14 желтоқсанда өмірге келген. Ол мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Қазақстан-Британ техникалық университетінде экономика мамандығы бойынша грантта оқыған. Алайда кейіннен кино өнеріне бет бұрып, Лос-Анджелестегі New York Film Academy оқу орнында кино және медиа режиссурасын меңгерген. Оның шығармашылық жолы 2011 жылы «Болашақ» телехикаясындағы Қанат рөлінен бастау алып, кейін «Тікелей эфир», «Подружки», «Сырғалым», «17+», «Қыздар» жобаларымен жалғасты. Әсіресе «Ауылдастар» сериалындағы Айфон бейнесі арқылы көпшілікке кеңінен танылды.
Режиссер ретінде 2016 жылы «The Joke» фильмімен дебют жасап, 2017 жылы жарық көрген «The Boon» туындысы Испаниядағы Barcelona Planet Film Festival фестивалінде «Үздік режиссер» атанды. Елге оралған соң «Сәке», жедел жәрдем қызметкерлерінің өмірін суреттейтін «Скорая» сериалдарын, сондай-ақ 2023 жылы ТМД елдеріне кеңінен тараған «Алаяқтар» криминалды сериалы мен биыл прокатка шыққан толықметражды фильмін түсірді. Ол өзінің бала кезден бергі арманы туралы толғана еске алды:
— Мен үшін бұл кездесудің орны бөлек. Ата-анам атымды атақты жазушы Олжас Сүлейменовтей болсын деп қойған. Осы күнге дейін кездесудің сәті түспей жүрді. Мұндай арманым барын көп айта бермейтінмін. Әдебиет әлеміне жақын қарындастарымның арқасында қалауым орындалды. Жүздесуді бір жыл күттім. Толқып тұрмын, — деді ол.
Сондай-ақ режиссер жазушының «Аз и Я» кітабына арнайы қолтаңба жаздырып алып, бұл сәттің құндылығын атап өтті:
— Оның түркі әлемі үшін істеген еңбегі, қазақ әдебиеті мен мәдениетінде қалдырған ізі – бізге мәңгілік мұра. Меніңше, нағыз аңыз адам деп осындай тұлғаларды айтады, — деді режиссер.
Олжас Сүлейменов
Тоқсан жасқа толған әйгілі ақын әрі жазушы Олжас Сүлейменов өзімен аттас жас кинорежиссерге ақ батасын беріп, өнердегі жолына сәттілік тіледі:
— Олжастардың атын жаңа деңгейге шығар. Самға! — деп жазушы батасын берді.
Бұл кездесу ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Біреулер үшін бұл әлеуметтік желідегі әсерлі сәт болса, енді біреулер үшін балалық арманның орындалуы мен аға буын батасының өмірлік бағдарға айналған айрықша көрінісі болды.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып жазыңыз.