Қытайдың ірі инвесторларын салықтан босататын Заң жобасы мақұлданды

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Отырыста Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы біздің елге тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді ратификациялау туралы Заң жобасы мақұлданды.

Бұл туралы newsasia.kz ақпарат агенттігі.

«2016 жылдың желтоқсан айындағы Қазақстан мен Қытай басшыларының келісімдері аясында «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Қытайдың «Жібек жолы» қоры арасында бірлескен жобаларды инвестициялауға капиталдандыруы 2 млрд доллар болатын Қор құрылды. Қазіргі уақытта бұл Қор Қазақстанға инвестиция салатын ірі инвестициялық қорлардың бірі. Қазақстанның «Жібек жолы» қорымен ынтымақтаса жұмыс істеуге тәжірибесі жеткілікті. «Жібек жолы» қоры Астаналық қор биржасының жарғылық капиталына кірген. Жалпы капиталдандыру сомасы 55 млрд долларды құрайтын «Жібек жолы» қоры көлемі жағынан Қытайдағы ең ірі қор. Сол себепті, «Жібек жолы» қорының Астана Халықаралық Қаржы Орталығы биржасына акционер ретінде қатысуы Қытайдан ірі инвесторларды тартуға ықпал ететін болады», — деді депутаттар алдында Заң жобасын таныстырған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Қасымбектің сөзіне сүйенсек, Қордың қызметіне қойылатын негізгі талаптардың бірі – дивидендтерге салынатын салықтан босату.

Министрдің айтуынша, екі мемлекет арасында жалпы 55 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде, соның ішінде 10 жоба іске қосылып үлгерсе, жыл соңына дейін тағы 3 жоба өз жұмысын бастамақ. Жобалардың басым бөлігі өндеу өндірісі мен инфрақұлырым салаларына қатысты.