Мәжіліс депутаты салықтық әкімшілеудегі кемшіліктерді атады

Салық органдарының ақпараттық жүйесі мәліметтерін өзектендіру қажет. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық технологиялар»  атты Үкімет сағатында депутат Гүлжан Қарағұсова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, салықтық әкімшілеу ақпараттық жүйесінің мәліметтер базасын өзектендіру және интеграциялауда өзекті мәселелер бар. Депутаттар бұл мәселелерді  2015 жылдан бері көтеріп, Үкіметке оны шешу үшін қажетті шаралар қабылдауға ұсыныс жасап келеді.

«4 жыл өткенімен проблема әлі де шешілген жоқ. Қорытындысында салық төлеушілер зардап шегіп отыр. 2018 жылдың жазында халыққа түсіндіру жұмыстарын дер уақытында ұйымдастырмаудың салдарынан азаматтар салықтық берешектері бар екендігін және соған байланысты шектеулерді банкке барғанда және әуежайда бірақ білген. Бұған қоса, бұл мәліметтер кей жағдайда дұрыс болмай шыққан. Жылжымайтын мүлік нысандары, көлік, жер учаскесі бойынша мәліметтерді уақтылы өзектендірмеу барлық төлеушілерге жаппай проблема мен қолайсыздық тудырды. Нәтижесінде көпшілігі дер уақытында демалысқа шыға алмады, банк есепшотын аша алмады, кредит алу мүмкіндігінен айырылды. Есептелген салықтарды дер кезінде төлегендігін дәлелдеп уақытын жоғалтты», — деді депутат.

Г.Қарағұсованың сөзіне қарағанда, бұл проблемалар әлі күнге дейін түбегейлі шешілмеген. Себебі ешкімге жауапкершілік жүктелмеген. Алайда бұл проблеманы шешуге бюджеттен үнемі қомақты қаржы бөлініп келеді.

«Мәселен, тек 2015-2018 жылдары Қаржы министрлігінің 30-дан астам ақпараттық жүйесінің, оның ішінде Мемлекеттік кірістер комитетінің 20 жүйесінің қызметін қолдау үшін 34,5 млрд теңге жұмсалған. Салықтық әкімшілеу жүйесін реформалауға мұнан бөлек 2,5 млрд теңге бөлінген. Ал 2019 жылға дәл осы мақсаттарға сәйкесінше 9,5 млрд және 2,4 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр», — деді ол.

Осы ретте депутат Қаржы министрлігі 2020 жылы барлық салықтық міндеттемелерді есептеуді орталықтандыру және автоматтандыру міндетін алып отырғандығын еске салды.

«Осыған орай өкілетті органдарға барлық мәліметтер базасының деректерін өзектендіруді жеделдету, салықтық есептеулердің дұрыстығын қамтамасыз ету үшін  олардың Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен синхрондылығын және интеграциясын қамтамасыз етуді өтінеміз», — деді Г.Қарағұсова.