Назарбаев Астанаға қатысы жоқ адамдарға көше атауларын бермеу керектігін айтты

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі алқалы жиын барысында елорданың көше атауларына қатысты бассыздықты сынға алды, — деп хабарлайды  newsasia.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

«Астана жолдары адамдарды шатастырады. Қанша рет айтуға болады? Бір көше, бірақ, бір көшенің бірнеше учаскесі түрлі атаумен аталған. Қара (Әсет Исекешовке – ред), Мұхамеджанов, Сарайшық, Қошқарбаев. Бұл бір көше. Орынбор, Сығанақ, Қалдаяқов. Бұл да бір көше. Бұлай жасаған кім? Пошташы шатасады ғой. Мен саған айттым ғой, көше атаулары бойынша ретке келтір дедім. Олардың атауларын кім белгілегенін білмеймін. Әділбек Рыскелдіұлы ма (Әділбек Жақсыбеков – ред), әлде оған дейінгілер істеді ме? Қалай болса солай. Ол адамның бұл қалаға, бұл елге қатынасы бар ма, жоқ па? Міне, келеді де айтады, ал сендер солардың есімімен көшені атайсыңдар. Ал не қарап отырсың енді, айтшы?» — деді Мемлекет басшысы елорда әкіміне.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, біздер мынау ономастикалық комиссияның құрамына еліміздегі белді-белді ғалымдарымыз, тарихшыларымыз, әлеуметтік жетекшілерімізді тарттық. Жаңағы сіз айтып отырғандай, басымдылықтарымыз…» — деп ақталған Астананың бас идеологы һәм елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың сөзін Президент тындамай да қойды.

«Ономастикалық академиктер түк те білмейді. Олар не түсінеді? Бұл қалада біздер тұрып жатырмыз. Адам жоқ болатын болса, жай нөмір қой. Міне, 13-ші даңғыл, жап-жақсы жұмыс істеп тұр ғой. Вашингтонда барлық көшелер нөмірлермен аталады. Кім болса соны қойғанша. Оның кім екенін де білмейсің. Жарайды, анау Сарайшық деген бұрынғы Қазақстанның астаналары ретінде мен рұқсат бергенмін кезінде Тасмағамбетовке. Сарайшық, Сығанақ. Қазіргі жастар да оның қайдан шыққанын білмейді. Мұхаметханов. Кім ол, айтшы?», — деді Назарбаев.

«Қайым Мұхаметханов – ол абайтану ғылымының негізін қалаған белгілі академиктердің бірі. Бірақ, бізде басымдылықтар бірінші – тәуелсіздік», — деді әбден сасқан Аманшаев.

«Абайтану, Әуезовтану, басқа тану, соның барлығына қоя бересің бе атын Астананың? Қандай қатынасы бар?», — деп сұрады Н. Назарбаев.

«Бізде мынау адамның аттарын енді қоймайтын болдық, Нұрсұлтан Әбішұлы. Осы былтырдан бастап адам аттарын қоймаймыз. Бірінші басымдылық бізде ғасырға татитын біздің тәуелсіздігіміз», — деп жауап қатты Исекешевтің орынбасары.

Көше атауларына қатысты Елбасының сыны жергілікті билікке бірқатар тапсырма берумен аяқталды.

«Астанаға қатысы жоқ адамдардың атын өзгертіңдер ертерек. Әрине, көше атын тағы ауыстырып, адамдарды шатастыру түк те жақсы емес. Бірақ, реттеңдер. Тағы да айтамын, нөмірмен атай салыңдар», — деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, Қайым Мұхамедханов қазақтың ұлы ғалымы. Абайтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Қазақ ССР Гимнінің авторы,  КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей, Аягөз қаласының, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы; 1000-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

Төмендегі суретте белгілі ғалым Елбасы Н. Назарбаевтың қолынан марапат алып жатқан кезі.