Қарағандыдағы оқиға бойынша билік неге ұзақ уақыт үнсіз қалды? — Министр жауап берді

«Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақ болған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қарағандыдағы жас жігіттің өлімімен байланысты оқиғаға пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бағдарлама барысында министрге Қарағандыдағы жас жігіттің өліміне байланысты сұрақ қойылды. 1 қаңтарда тіркелген қанды оқиға ел ішінде біршама резононс туғызған болатын.

«Неліктен билік ұзақ уақыт үнсіз қалды? Неліктен ІІМ-нің баспасөз мәслихаты арада бір апта өткеннен кейін ғана ұйымдастырылды? Жедел ресми ақпараттың жоқтығы жалған ақпараттар толып кететін вакумды қалыптастырады деп ойламайсыз ба?» – деген сұрақ қойылды министрге. Өткір сұрақтарға жауап берген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мұндай резонансты жағдайда азаматтар тиісті ақпаратты алуға құқылы екенін жеткізді.

«Мен осы қайғылы жағдай бәрімізге үлкен сабақ болар деп ойлаймын. Сонымен бірге, қоғаммен коммуникация орнату тұрғысында да сабақ болғаны айқын. Резонансты жағдай кезінде азаматтар ақпарат алуға құқылы екенін жақсы білеміз. Алайда біз болған жағдайдың мән-жайын анықтау, күдіктілердің кім екенін анықтау, басқа да ақпараттарды тексеру жұмысы – белгілі бір уақытты талап ететінін түсінуіміз керек. Нақты бұл жағдайда қақтығысқа ондаған адам қатысқан. Олардың бәрі де қаланың әртүрлі бөліктерінде жасырынған. Тіпті өздеріңіз білетіндей, ең басты күдіктілердің бірі елді тастап кеткен еді. Полиция бүкіл облыс бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, ресейлік әріптестерімен бірге жұмысты қолға алды. Өзіңіз білетіндей, қашып кеткен жігіт ұсталды. Демек, тергеу амалдарын біздің полиция барынша тиімді жүргізді», – деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуына қарағанда, шынында да ақпараттандыру жұмысы кешіктірілген. Дәурен Абаев сонымен бірге, аталған жайға байланысты пікір білдірген Мәжіліс депутаттарының уәжіне байланысты сұраққа жауап берді.

«Ең бірінші кезекте, депутаттардың сөздері дұрыс екенін айта кеткім келеді. Шынында да, біздің елде бейбітшілік пен келісімді сақтау керек. Ұлтаралық келісім – біздің елдің ең басты басымдықтарының бірі. Аталған жағдайда менің ойымша, акценттер араласып кетті. Болған оқиға туралы таратылған хабарларға талдау жүргізер болсақ, біздің тілшілер керісінше осы жағдайға барынша жауапкершілікпен келгенін атап өту керек. Біздің мониторинг қандай да бір айтарлықтай бұзушылықты, фактілермен манипуляциялау жағдайын байқаған жоқ», – дейді ол.

Министрдің жауабына сүйенсек, әлеуметтік желілердегі эмоционалдық сипаттағы пікірлер жағдайды ушықтыра түскен.

«БАҚ-ты бақылауға бізді шақыру туралы айтар болсақ, бүгінгі таңда қазіргі заңнама аясында бұл жұмыс онсыз да атқарылып жатыр. Жалған ақпарат таратқаны, ұлтаралық қақтығыс тудырғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл қақтығысты – ұлтаралық деуге болмайды. Бұл – біршама адам қатысқан тұрмыстық қақтығыс болды. Бір ақпаратты келтірейін: Жаңа жылдан бері Қазақстанда 7 күннің ішінде 39 қасақана кісі өлтіру мен денсаулыққа қасақана ауыр жарақат салу қылмысы бойынша 46 қылмыс тіркелген. Осы қылмыстардың басым көпшілігі бірлесе спирттік ішімдікті ішудің салдарынан орын алған. Демек, қылмыстың себебі басқада. Нақты бұл жағдайға келер болсақ, ІІМ өкілдері нақты түсіндірме берген болатын. Қақтығыс мейрамхананың әкімшілігі мен келушілердің арасында болған. Екі тарапта да әр ұлттың өкілдері болған. Менің ойымша, ұлттық және діни ерекшелік – қақтығыстың неден туындағанын түсіндіруге болатын ең қарапайым факторлар. Жағдайды түсініп, шынайы мотивтерді анықтаудың орнына – тараптарды «біздікі» және «сіздікі» деп бөле салу оп-оңай. Бірақ, бұл өте қауіпті жол», – деп түйді Дәурен Абаев.