Тоқаев құқық қорғау салаларының алдында тұрған сегіз міндетті атап көрсетті

Бүгін Сенаттта ІІМ, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, басқа да құқық қорғау органдарының, сондай-ақ адвокаттық және ғылыми қауым басшылығының, Құқық қорғау органдары академиясының тыңдаушыларының қатысуымен «Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін одан әрі жаңғырту» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау болды, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Құқық қорғау қызметінің аса маңызды мәселері бойынша өткен парламенттік тыңдауда Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, құқық қорғау органдарының сапалы қызметі азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыратын және олардың қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететін салмақты фактор болып табылатынын айтқан Сенат Төрағасы Ққлмыстық процестің негіздерін жаңғырту жөніндегі Парламент қабылдаған түзетулер сот-құқықтық реформасының жаңа кезеңге аяқ басуына тың серпін бергенін атап өтті.

«Құқық қорғау органдары жүйесіне енгізіліп жатқан техникалық инновациялардың нәтижесінде сот төрелігіндегі жариялылықты жүзеге асыруға айтарлықтай мүмкіндіктер ашылуда. Жыл басынан бері қылмыстық істерді электрондық түрде жүргізуге кезең-кезеңімен көшу сот төрелігін қашықтықтан жүргізу мүмкіндігін беріп отыр. Нәтижесінде істерді қарау мерзімі жартылай қысқарды», — деді Қ.Тоқаев.

Сот қызметінің процестік нормаларын жетілдіру және дауларды шешудің балама тәсілдерін енгізу бойынша заң шығару жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатқанына тоқталған Сенат Төрағасы «Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру шаралары еліміздің түзету мекемелеріндегі жазасын өтеп жатқандардың санын үш есеге азайтуға мүмкіндік берді. 1990 жылдары сотталған 100 мың адам 2018 жылы 35 мыңға дейін азайды. Аталған оң өзгерістер заң үстемдігі индексі бойынша Қазақстанның көрсеткішін жақсартуға ықпал етті. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша еліміз 9 орынға көтеріліп, 113 елдің ішінде 64-ші орынды иеленді», — дей келе, қол жеткізген нәтижелерге қарамастан, құқық қорғау органдарының азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау сапасы әлі де заман талаптарына толық жауап бере алмай отырғанын, тұтастай алғанда, бұл халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімінің азаюына алып келетініне назар аударды.

«Осының негізінде қоғам мен құқық қорғау органдарының арасындағы өзара байланыс пен сенімді қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл міндет туындайды. Негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау және қылмыстық сот ісін жүргізудің жазалаушылық сипатының деңгейін төмендету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібіндегі өткір сұрақтардың қатарына жатады» ,-деді Қ. Тоқаев.

Сот шешімдерінің орындалмауы немесе уақтылы орындалмауы әділдіктің үстемдік етуіне кедергі келтіретінін, сондай-ақ, сот билігімен қатар мемлекеттің де беделін төмендетіп, оларға деген сенімді әлсірететінін еске салған Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау қызметін жетілдіруге қатысты сегіз мәселені атап көрсетті.

Бірінші, Үкімет алдында қызмет көрсетудің сервистік моделін негізге ала отырып, құқық қорғау органдарының азаматтармен заманауи форматта жұмыс істеу жүйесін жедел қалыптастыру міндеті тұр. Қызмет көрсетудің сервистік моделі негіз ретінде алынуы тиіс.

Екінші, арыз тіркелгеннен бастап сот шешімі шығарылғанға дейін істерді қараудың барлық сатыларын жаппай цифрландыру қажет. Цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың орын алуын азайтып, онлайн режимдегі қолжетімді кері байланыс орнатуда шешуші рөл атқарады.

Үшінші, цифрлық технологиялардың көмегімен азаматтарды полицияның және соттың қызметін бағалау жұмысына кеңінен тарту қажет. Азаматтардың жоғары сенімі мемлекет жүргізіп отырған саясаттың тиімділігін айқындайтын тікелей көрсеткіш болып табылады. Жалпы жұмыстың сапасы істердің уақтылы және сапалы қаралуы бойынша және азаматтардың талап-тілектерінің тиісті деңгейде орындалуы арқылы бағалануы тиіс.

Төртінші, қылмыстық істер бойынша процессуалдық шешімдерді қабылдауда әділдікті қамтамасыз етіп, тәуелсіз және әділ сот жүйесін жетілдіруді, сондай-ақ сот ісін жүргізудің жеделдігі мен анықтығын арттыру қажет.

Бесінші, адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы айыптаушы мен қорғаушы тарап арасындағы сөз жарыстыру қағидатының орындалуын одан әрі нығайта түсу керек.

Алтыншы, тегін құқықтық көмек көрсетудің ең төменгі стандарттарын, көрсетілген қызметтерді бағалаудың әділ жүйесін белгілеу керек. Бұл нарықтағы бәсекелестікті дамытуға және оның сапасын арттыруға күшті серпін берері анық.

Жетінші, тараптардың өзара бітімге келуі және келтірілген зиянның орнын толтыруы негізінде сот төрелігінің қалпына келтіруші сипаттағы жаңа форматтарын дамыту қажет, сондай-ақ, істі жедел жүргізуге және істі қарау уақытын үнемдеуге мүмкіндік беретін қылмыстық істер ауқымын кеңейту керек.

Сегізінші, өкілеттіктердің қайталануын және қызмет шеңберінен тыс функцияларды барынша шектеу қажет, сотқа дейінгі тергеу, қадағалау және сот органдары арасындағы міндеттердің нақты белгіленуін қамтамасыз ету бойынша жан-жақты жұмыс жүргізу керек.

Сонымен бірге, заңнаманы қатаң сақтауға негізделген жедел және ашық сот төрелігі қоғамның басты мүддесі және бұл еліміздің стратегиялық даму бағдарына толық сай келетінін айтқан Сенат Төрағасы «Қылмыстық процесс – бұл адамның құқықтары мен бостандығына билік көбірек ықпал ететін тәуекелі жоғары сала. Сондықтан дамыған елдерде жазықсыздық презумпциясына негізделген ізгілік, адамның жеке басына және меншікке қол сұқпаушылық, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттар ретінде тарихи тұрғыда орныққан. Азаматтардың құқық қорғау органдарының

жұмысына және соттың әділдігіне сенімсіздікпен қарауына жол беруге болмайды. Мұндай жағдай қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына теріс әсерін тигізері даусыз. Қылмыстық-процестік заңнама азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негізделуі тиіс», — деп атап көрсетті.

Тиімді қылмыстық процесс жүйесін қалыптастыру күрделі жұмыс екені сөзсіз. Өйткені, бұл мәселені шешуде әр мемлекеттің өзіндік көзқарасы бар. Атап айтқанда, ұлттық дәстүр ерекшеліктері, халықтың әлеуметтік ахуалы мен қолданыстағы құқық жүйесі ескеріледі.

Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы мемлекеттің құқық қорғау саласындағы түбегейлі реформаларының бастауында тұрды. Бүгінгі таңда тұжырымдамада қамтылған бірқатар міндеттер орындалды, бұл осы реформалардың дұрыстығын растап отыр. Қоғамдық-саяси тұрақтылық пен жоғары деңгейдегі қауіпсіздік қамтамасыз етілуде, еліміздегі қылмыстың деңгейі төмендеуде, азаматтардың құқықтық мәдениеті арта түсуде.

ІІМ, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, басқа да құқық қорғау органдарының, сондай-ақ адвокаттық және ғылыми қауым басшылығымен болған парламенттік тыңдаудағы сөзін қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы тыңдауға қатысушылар көптеген өзекті мәселелер бойынша процестік негіздерді одан әрі жаңғыртудың жаңа бағыттарын айқындап, орын алған мәселелерді шешудің нақты әдістері мен жолдарын ұсынатынына сенім білдірді.

Әділбек Қаба,

Newsasia.kz