Назарбаев: Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан қолдау көрсетеді

Елбасы, Назарбаев, Сирия, Үндеу, Видео

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның аяқталуына байланысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

– Биылғы 6 қаңтарда менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды. Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды, — деді Елбасы.

Мемлекет басшысының сөзінше, осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады.

— Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетеді. Біздің негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.