Жапония Сирияға гуманитарлық көмек ретінде 5 млн доллар бөлді

Жапония Дамаск қаласын қалпына келтіруге және Хараста ауданындағы халыққа гуманитарлық көмек ретінде 557 млн йен (5 млн доллар) бөлді. Бұл туралы Жапонияның Сириядағы елшілігі мәлімдеді, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Жапония үкіметі аталмыш қаржыны БҰҰ-ның Даму бағдарламасы аясындағы «Шығыс Гутадағы тіршілік көзін қалпына келтіру» жобасы бойынша бөліп отыр.

Бөлінген қаржы үш бағыт бойынша жұмсалады: Базалық гуманитарлық инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде Хараста ұлттық емханасы мен мектебін қалпына келтіру,  әлеуметтік осал топтарға әлеуметтік-экономикалық көмек көрсету және Шығыс Гутадағы қауіпсіздік шараларын күшейту.

Атап өтейік, 2012 жылдан бері Жапонияның Сирияға жасаған қаржылай гуманитарлық көмектің жалпы сомасы 445 млн долларды құрап отыр.