Еуроодақ Қырғызстанға білім саласын дамытуға €9 млн бөлді

Еуропалық Одақ білім беру секторын дамыту үшін Қырғызстанға €9 млн 375 мың еуро көлеміндегі грант бөлді. Бұл туралы Қырғызстанның Қаржы министрлігі мәлімдеді, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі. 

Министрліктің дерегінше, бұл 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту Стратегиясына және 2016-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына бюджеттік қолдау бағдарламасы аясындағы ақырғы төлем.

Бұл қаражат жалпы және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға, білім беру мен педагогикалық стандарттардың сапасын жақсартуға, мемлекеттік қаржыны басқаруды жетілдіруге, сондай-ақ оқулықтарды сатып алуға, мектепке дейінгі білім беруді қаржыландыруға және интернетке қосылатын мектептерге жұмсалатын болады.

Сонымен бірге, Еуропалық Одақ  2019-2021 жылдарға арналған жаңа бюджеттік көмек бағдарламасы бойынша Қырғызстан үкіметіне 35 миллион 760 мың еуро қаржы беруді жоспарлап отырғанын атап өткен жөн.