Алматыдағы тұрақтарға Байбектің отбасы иелік ете ме? Әкімнің өзі жауап берді

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберіндегі Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз конференциясы өтті. Брифингте Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы көлік тұрақтарына оның отбасы мүшелері иелік етеді деп қауесет таратқандар туралы айтты.

Бұл туралы newsasia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Менің отбасым тұрақтарға иелік етеді деген өсек таратты. Меніңше, мұны заңды жұмыс істегісі келмейтіндер, лай судан балық аулауды қалайтындар шығарып жүр. Осы арқылы біреулердің әкімдікке қысым көрсетуге үміттенетіндігі, онсыз да күрделі болғанымен аса қажетті көлік реформасын жүргіздірмеуді қалайтындығы анық», — деді Байбек.

Оңтүстіктегі алып шаһар басшысының сөзінше, көліктерді мегаполис орталығынан ығыстырып шығару мәселесі өзекті болып тұр. Себебі қаланың экологиялық ахуалы күннен-күнге күрделене түсуде.

«Бүгінде қаланың атмосферасына тасталатын қалдықтардың 70 пайызы көліктен бөлінеді. Яғни, әкім ретінде мен 10 шараның 7-еуін көлікке бағыттаймын. Себебі зиянды қалдықтардың 70 пайызы соларға тиесілі. Бұл экологияға, балаларымыздың, ата-аналарымыздың денсаулығына қатысты мәселелер», — деді қала басшысы.