Жазушылар жанжалы: Мұхтар Шахановты «Шакалов» деп атаған кім?

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан жазушыларының құрылтайы өтті. Жиынға ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың құттықтауын оқыды, — деп хабарлайды newsasia.kz

Жиын барысында зиялы қауым өкілдерінің пікірталасы жанжалға ұласып, соңы әдеттегідей дау-дамаймен аяқталды.

Мәселен, құрылтайда сөз алған белгілі ақын Мұхтар Шаханов одақты 22 жыл басқарған Нұрлан Оразалиннің жеке басына тиісті.

– Оразалин ұлттық мүддеге келгенда Қоразалин болды. Тауықәлин, Шөжалиннің деңгейінде самғады. Ол биліктегі басшылардың туфлиін шеберлікпен жалады. Оның еңбегі сол. Бұл да қазіргі заманда үлкен өнер,  — деді Мұхтар Шаханов.

Нұрлан Оразалин өз кезегінде барлық сынға жауап берді.

– Жиналысқа келмей сырттан тон пішу өзін Жазушылар одағынан жоғары қоятын ұлылықтың ауруымен ауырған адамдардың ғана қолынан келетін нәрсе. Ұйқасты мен де сізге айтайын. Маған екі-үш жыл бұрын «Шаханов, Шакалов» деген хат келді. Сіздер елді сыйлаңыздар, ағайын. Менің әкемде, менің атамда, менің талантымда ешқайсыңыздың шаруаларыңыз болмасын. Осы менің екі ағама берген жауабым, — деді Нұрлан Оразалин.

Бірнеше сағатқа созылған жанжалдың соңында одақ басқармасының мүшелері жаңа төрағаны сайлады. Нәтижесінде, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің кандидатурасы бір ауыздан мақұлданды.