Шымкентте салынғанына 2 жыл болған жаңа үйлер қирай бастады (ВИДЕО)

Шымкентте 2016 жылы пайдалануға берілген үйлердің сапасы сыр беруде. Әкімшілік іскерлік орталығындағы көпқабатты үйлердің қасбеттерінің түстері де өзгеруде. Алайда, жаңа шағынауданда осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген көпқабатты үйлердің қабырғаларының сылақтары түсіп қалған, ала құла кейіпі алыстан менмұндалайды, — деп хабарлайды otyrar.kz.

Мердігерлердің «ретке келтіреміз» деген әрекеттері де нәтижесіз болып тұр. Сонда, құрылысқа тапсырыс берушілер пайдаланылған материалдардың сапасын арнайы тексеруден қалай өткізген?

Алыстан менмұндалайтын биік үйлер 2016 жылы пайдалануға берілді. Сол кезде ондаған отбасы баспаналы болып, қуанды. Бірақ арада жыл өтпей жатып-ақ, құрылыстың сапасыз жүргізілгені белгі бере бастады. Пәтерлердің ішкі жүйесіндегі кемшілікті айтпағанда, тұрғындар үйлерінің қасбетіне қарауға өзге түгілі, өздері ұялады. Тіпті, үйдің жанынан өткенде қабырғадан ажыраған сылақтар құлап түсе ме деп қорқатынын жасырмайды.

Талған Сазғанов, қала тұрғыны: «Біз мұнда 2017 жылы көшіп келдік. Пәтерімізді әупірімдеп жөндеп алдық. Ал көпқабатты үйіміздің ауласында бала ойнатуға қорқамыз. Жел тұрса қабырғалардан балшық құлайды».

Шымкентте соңғы жылдары жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасына депутаттар да алаңдаулы. Олардың айтуларынша, құрылыс жүргізген компаниялардың кепілдік мерзімдеріне бірқатар өзгерістер енгізу қажет. Себебі, мердігерлер 3-5 жылға берілген кепілдік мерзім ішінде тек кемшілікті жоюмен жүреді, ал мерзімі біткен соң сапасыз құрылысқа бюджеттен қаражатты қайта бөлуге тура келеді. Сол үшін жаңа нысанда бір рет жөндеу жүргізілсе, компанияның кепілдік мерзімі автоматты түрде және бес жылға созылуы тиіс болады.

Бұл ұсынысты құрылысқа тапсырыс берушілер де қолдап отыр. Бірақ бәрін заң жүзінде бекіту керек. Ал Әкімшілік іскерлік орталығындағы сылағы түскен үйлердің жағдайы бойынша мердігер компанияның құжаттары сотқа тапсырылып, әкімшілік шара көріліпті. Бүгінде құрылысқа пайдаланылған материалдардың сапасын тексеру басталған.

Бақытжан Егізбаев: «Материалдардың сапасын зертханада тексертіп жатырмыз. Бұл материалдардың сапа сертификаттары болған. Құрлысшылар соған сеніп қалған ғой».

Қалалық құрылыс бөлімі осындай келеңсіздікке жол берген бір серіктестікке 3 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған. Үш мердігер компанияның құжаттары сотқа тапсырылған. Айтуларынша, депутаттардың ұсынысы қабылданса, сапасыз құрылыс азаяр еді. Әзірге оған сенудің өзі қиын болып тұр!!!