Рудныйда бір соққымен адам өлтірген кикбоксер 8 жылға сотталды

Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны 21 жастағы Дмитрий Дядюнды өлтірді деген айыппен, өңірге белгілі кикбоксшы Дияр Қожақовқа қатысты сот үкім шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Сот шешіміне сәйкес Дияр Қожақов 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Ол өз жазасын қауіптілігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болады. Сот үкім оқылған соң айыпталушыны бірден залдан алып кетті, ал қорғаушылар сот шешімімен келіспейтіндіктерін айтады.

Сонымен қатар судья моральдық өтемақы төлеу туралы шағымды да қанағаттандырды. Дядюнның туыстары 5 млн теңге өтемақы талап еткен болатын. Алайда Қожақов 1 млн теңге төлеуге міндеттелді.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға 19 тамыз күні Рудныйдағы қала күні мерекесінде болған. Сот материалдарына сәйкес, жас жігіттердің арасында кикілжің туған. Қостанай облыстық кикбоксинг құрамасының капитаны Диар Қожақов Дмитрий Дядюнды сол қолымен оң жақ шықшыттан ұрған. Дядюн жабық бас сүйек-ми жарақатын алып дәрігерлер көмегіне жүгінеді. Алайда оны екі сағаттан кейін ауруханадан үйіне жібере салады.

Бірнеше сағаттан кейін Дядюнның жағдайы ауырлап қайтадан аурухана жеткізіледі. 2017 жылдың 23 тамызында ол ауруханада көз жұмды.