Назарбаеваны қазақша сөйлегені үшін «мамбетка» деп атаған ресейлік спортшы сотталып кетті

Осыған дейін әлеуметтік желіде алматылық Әсел Назарбаеваның басына түскен қиын жағдайы туралы көп жазылды. Өз елінде қазақ тілінде сөйлеп, сол үшін ресейлік спортшыдан таяқ жеген Әсел соттасып жүріп ақыры жеңіске жетті.

Бұл туралы newsasia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Перегуде есімді орыс спортшысы қазақша сөйлеген қазақ қызын аяусыз тепкілеп кеткені туралы алғаш болып танымал журналист Сәуле Әбілдаханқызы жазған еді. Оның айтуынша, ресейлік дзюдошы қазақша сөйлегені үшін қазақ қызын «мамбетка» деп атап, аяусыз ұрған.

Үлкен дауға айналған бұл іс сотқа дейін жетіп, міне, енді сот үкімі де шықты. Диана Перегуда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 293 бабы, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. 2 жылға шартты түрде сотталды. Жауапкер Диана Перегуда жәбірленуші Әсел Назарбаеваға 1 миллион теңге көлемінде материалдық және моральдық шығын өтеп беретін болды.