Аягөзге Үкіметтің бір министрі, Парламенттің бір депутаты барған жоқ — Әбдірахманов

Аягөзде су тасқынынан зардап шегушілер саны нақты қанша екені әлі күнге дейін белгісіз. Жергілікті билік халыққа көмек қолын созып, жағдай жасаймыз дегенмен, әлі күнге дейін нақты атқарылған шаруалар туралы ақпарат жоқ. Алайда, өзге өңірлердегі белсенді азаматтар жылу жинап, Аягөздегі ағайынға барынша көмек қолын созуға тырысып жатыр.

Жуырда халыққа көмек көрсету үшін Аягөзге барған белсенді Сырым Әбдірахманов ондағы сұмдық жайттар туралы айтып берді, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Оның айтуынша, жергілікті билік өкілдері белсенділерге қарсылық көрсетіп, халықпен тілдесуге мүмкіндік бермеген.

— Зардап шеккендер әлі ұйықтамаған екен, өзімізді жеке азаматтар ретінде таныстырып, жөн сұрастырып жатқан кезде жергілікті билік тарапынан күш қолданылып, түнімен полиция тарапынан өзіміз жалдаған көлікті заңсыз тексеру іс-әрекеттері жүргізілді. Оның үстіне, осының барлығы бейнетаспаға жаздыңыздар деп үстімізден арыз жазып, іс қозғалып жатыр, — деп жазды Әбдірахманов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Аягөздегі апатты жасырып қалу кімге керек? Неге зардап шеккен халыққа өзге өңірдің азаматтары қол ұшын созып, көмек көрсете алмайды? Бұл сауалдарды қоюдың өзі абсурд және ақылға қонымсыз. Амал қанша…

— Қолдау көрсетуге келген азаматтарға осындай қиянат жасауға қарағанда, Аягөзде болған апаттың ақ-қарасын жасырып отырғанның белгісі деп есептеймін. Себебі, ақсақалдардың айтуынша бұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Су қоймасы, дамбы жарылып кеткенге ұқсайды, — дейді белсенді.

Кеше ғана аймақ басшысы Даниал Ахметов Аягөзге ат басын бұрып, халықпен тілдесіп қайтқанын әлеуметтік желіде тараған видеолардан көріп, көңіліміз көншіп қалды. Алайда, осымен шектелмей керек қой. Неге су тасқынынан зардап шегіп жатқан аймаққа осы уақытқа дейін бірде бір министр, бірде-бір депутат бармаған. Министр Қасымов пен министр бола салып жұмыссыздарға салық салам деп айды аспанға шығарған Мәдина Әбілқасымовалардың Аягөздегі апатта жұмысы жоқ па? Су жаңа министр су тасқынынан зардап шеккен халықты әлеуметтік қорғауды ойлай ма екен? Мәжілісте отырған ШҚО тумалары Нұртай Сәбильянов пен Берік Дүйсембиев әлі күнге дейін Аягөзге бармағанын қалай түсінеміз? Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы бар ма біздің елді? Бар болса неге осы уақытқа дейін оның не түрін көрмедік, не сөзін естімедік?..

— Бүгінгі күні апаттан зардап шеккен Аягөзге Үкіметтен бір де бір Министр, 1 миллионға жуық айлық алатын бір де бір Парламенттегі депутат келген жоқ. Даниал Аxметовтың өзі апаттың 3-күні келді, — деп ашынған Әбдірахмановтың сөзі осындайда еріксіз жүректі ауыртады.

Newsasia.kz ақпарат агенттігі Аягөздегі апатты жағдайда назарда ұстап, елеулі оқиғаны оқырманға жеткізіп отырады. Біз әлі де болса биліктің халыққа жаны ашып, Аягөз халқына жан-жақты, республикалық деңгейде қолдау көрсетіледі деп сенгіміз келеді.