Қазақстанға кіруге кезекте тұрған қытайлықтардың видеосы жұртты шошытты (ВИДЕО)

Әлеуметтік желілер мен WhatsApp-мессенджері арқылы тарап кеткен видеоролик Қытайдағы Қазақстан елшілігінде – виза беретін бөлімнің алдында түсірілген сыңайлы. Кадр сыртындағы әйелдің дауысы осыншама көп қытайдың Қазақстанға визасыз режим енгізілгеннен кейін кіретінін айтып дабыл қағады.

Бұл туралы sn.kz хабарлады.

Ғимарат есігіне ілінген хабарламада: «Қытайдағы Қазақстанның елшілігі, визалық бөлім. 11.06.2018 жылдан бастап күннің екінші жартысында визалық бөлімнің жұмысы 16:00-19:00 аралығында жүргізіледі» деп жазылған. Яғни, осыншама қытайлықтың Қазақстанға кіруге кезекте тұрғаны рас секілді. Бірақ, жазбада визасыз режим туралы бір ауыз сөз жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан үкіметі Қытай азаматтарының Қазақстанда 72 сағат визасыз жүруіне рұқсат беретін қаулы қабылдған болатын. Бұл өз кезегінде қазақ қоғамында үлкен шу тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары мен қоғам белсенділері қытайлардың Қазақстанға визасыз кіруіне қарсымыз деп ұрандатқаны да есте.

Аталған видеоролик қазір WhatsApp-мессенджері арқылы халық арасында тез тарап, әлеуметтік желілерде жариялана бастады.