Қазақстанның қарулы күштері дабыл бойынша батысқа бағыт алды

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтің бұйрығы бойынша Қарулы Күштердің құрамалары мен әскери бөлімдері оқу белгісі бойынша кенеттен көтерілді, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Селекторлық кеңес режимінде өткізілген тапсырмаларды қою барысында «Шығыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бірқатар әскери бөлімдеріне Қазақстанның батыс өңіріне қайта топтасуға нұсқаулар берілді. Әскерлер құрамдастырылған тәсілмен – өздерінің жүрістерімен, теміржол көлігімен, әскери-көлік авиациясының ұшақтарында қозғалуды жүзеге асыруда. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысына әскерлерді оқу-жаттығудың өткізілу ауданына шығару және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін «Шығыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің келіп жатқан бөлімдері мен бөлімшелерін ескере отырып, топтама құру тапсырмасы жүктелді. Майдандық және шабуылдау авиациясы әуеайлақтарда, армиялық авиация далалық тікұшақ айлақтарында шоғырланды. Әскери-теңіз күштерінің топтамасы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің кемелері және катерлерімен күшейтілді.

Бөлек шекара заставалары жалпыәскери бөлімшелермен күшейтілді. «Батыс-2018» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына басшылық ету Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Майкеевке жүктелді. Оқу-жаттығуда Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Әскери-теңіз күштерінің, Жедел операциялар күштерінің, арнайы әскерлерінің, материалдық-техникалық қамтамсыз ету бөлімдері мен мекемелерінің, ҰҚК Шекара қызметі бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайларының және Ұлттық ұланнан 5000-нан астам әскери қызметші тартылды.