Жетісу жұртшылығы мешітті ақысыз тазалап жүрген жанға көлік мінгізді

Қасиетті Ораза айт мерекесінде Жетісу жұртшылығы мешітті ақысыз тазалап жүрген жанға көлік мінгізді. Темір тұлпар қадір түнінде садақа ретінде жиналған қаржыға сатып алынған. Көліктің кілті Земфира Нұралбековаға көпшіліктің алдында табыс етілді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Алла үйіндегі тазалыққа жауапты Земфира Нұралбекова бұдан былай мешітке автобуспен емес өз көлігімен қатынайтын болады. Сауап жинау үшін қала сыртынан қатынап, 2 жыл бойы жол азабын тартып келген абзал анаға мешіт жамағаты темір тұлпардың кілтін тапсырды. Көлік Қадір түнінде садақа ретінде жиналған қаражатқа алынған екен.

«Алланың қалауымен бүгін қуанышқа кенеліп отырмыз, отбасымызбен. Қари балаларым, имам кісілер бір қуантқысы келген екен. Ол кісілерге Алла разы болсын!» — дейді қала тұрғыны Земфира Нұралбекова.

Ақшадан бұрын Алланың разылығын ойлаған анаға ат мінгізу туралы идеяны жас қарилар көтеріпті. Қадір түнінде өздерінің қызметіне деп жұрт жинайтын садақаны түгелімен береміз деп уағдаласқан. Олардың бастамасын имамдар қолдаған. Мешіттің тұрақты жамағаты да сауапты іске ортақтасып, қолдарынан келгенше жәрдемдескен .

«Қиындығы бар енді, жұмыс ауыр, оңай емес. Сондай біз разы болатындай сауапты амал жасағаннан кейін біздің кішкентай білдіріп жатқан разылығымыз болатын» — дейді «Иман» мешітінің ұстазы Шынарбек Өкен.

Ораза аяқталып, жұрт айтшылауға бет алғанда, Земфира Нұралбекова білек түріп, әдеттегідей мешіт тазалығына кірісіп кетті. Алдағы уақытта да денім сау болса, игі істі жалғастыра беремін дейді.