Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 58 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған сайлау учаскесінің төрайымы Қымбат Іргебаеваның сөзіне қарағанда, учаскеде 3 417 сайлаушы тіркелген.

«Бүгін дауыс берушілердің жоғары белсендігін күтіп отырмыз. Өткен жолғы сайлау кезінде біздің учаскеге келгендердің қарасы қалың болды. Соңғы 20 күнде тұрғындардың көбісі бізге хабарласып, мәлімет алды. Сонымен қатар аса құрметпен бұл учаскеде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын күттік. Тұңғыш Президент осыған дейінгі болған сайлауда да осы учаскеде дауыс берген болатын», – деді Қ. Іргебаева.

Оның сөзіне қарағанда, учаскеге сағат 06:00-ден бастап байқаушылар, БАҚ өкілдері, президенттікке кандидаттардың сенімді өкілдері келіп тіркелді.

«Сағат 07:00-ден бастап тұрғындар дауыс беруге келіп жатыр. Олардың арасында жастар да, егде жастағы адамдар да бар. Сондықтан бүгін сайлаушыларымыз көптеп келеді деген ойламын. Айта кетейік, таңертеңнен бері байқаушылар тарапынан ескертулер болмады», – деді Қымбат Іргебаева.

Check Also

Жалақы өсіруге 144 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді

Биыл елде азаматтық қызметкерлердің жалақысын өсіруге 144 млрд теңгеден астам қаржы бөлінд…