Сенат «Кинематография туралы» заңды қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен Парламент Сенатының отырысында «Кинематография туралы» заң қабылданды, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл құжат киноөндірісін қолдау, ұлттық фильмдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халыққа арналған кино көрсету қызметінің қолжетімділігі, киноиндустриясының ашықтығы мен инвестициялардың тартымдылығы, еліміз киносының шетелдегі беделінің өсуі мен танылуы үшін заңнамалық деңгейде жағдай жасауды қамтамасыз етуге арналған.

Заңда кинематография саласында мемлекеттік қаржылық қолдау жөніндегі бірыңғай оператор болып табылатын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қызметінің құқықтық негізі жасалған.

Сондай-ақ ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа үлгісін енгізу ұсынылып отыр. Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдап дайындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің жанынан консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі мекемеаралық комиссия құрылады.

Заң бойынша Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі құрылатын болады, ол еліміздің аумағында фильмдерді жүйеге келтіру және есепке алуды қамтамасыз етеді. Фильмді фестивальдарда, семинарларда, ретроспективада көрсету жағдайларын қоспағанда, ел аумағында фильмді прокаттау және көрсету Мемлекеттік фильмдер тізілімінде тіркелген кезде ғана және берілген прокаттау куәлігіне сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстанның аумағында фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады. Ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттілігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуға тиіс. Прокатталуы шектеулі фильмдерді қоспағанда, кинозалдар мен осы

мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокатталатын және қазақ тілінде көрсетілмейтін фильмдер қазақ тіліне дубляж жасалуға не субтитрленуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс.

Әйтсе де бұл заң бойынша балама пікірлер де айтылды. Депутат Д.Құсдәулетов мұнда ұлттық фильмдерді жасауға арналған басымдыққа ие бағыттар, мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар, фильмдер өндірісі, ақпараттық-жарнама жұмыстарын дамыту, фильмдердің тарихи деректерге сәйкестігін қайта тексеру реттелмеген деп санайды.

Сенатордың айтуынша, заң ережелері кинематографты мемлекеттік қолдау шараларымен ғана шектеліп отыр. Бұл ретте заң отандық киноиндустрияны дамытуға серпін беретін аса маңызды жаңа қоғамдық қатынастарды реттемейді, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толықтай сәйкес емес, кино өнерінің азаматтарды эстетикаға, рухани және адамгершілік тұрғысында тәрбиелеу мақсатындағы өзекті мәселелерін шеше алмайды.

Палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Заңнамалық актілерді «Кинематография туралы» заңға сәйкес келтіру мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Салық кодексіне және «Мәдениет туралы» заңға түзетулер енгізілді.

Сенаторлар екі халықаралық құжатты қарады. Палата 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хаттамаға Қосымша хаттаманы ратификациялады.

Құжатта бірлескен кәсіпорынға кейіннен 4 жылға ұзарту мүмкіндігі ұсыныла отырып, бүкіл келісімшарт аумағында алты жыл мерзімге қосымша барлау кезеңін беру көзделіп отыр. Сондай-ақ 2005 жылғы 6 шілдедегі Өнімді бөлісу туралы келісімде көзделген келісімшарт аумағын ұлғайту да қарастырылған. Осы құжатты қабылдау қазақстандық және ресейлік тараптардың уәкілетті ұйымдарына «Құрманғазы» («Құлалы»)

құрылымының келісімшарт аумағында барлау жұмыстарын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік береді.

Сенат «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын заттарды есепке алу туралы келісімді және 2015 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын заттарды есепке алу туралы келісімге Қырғыз Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Келісім Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағы арқылы озонды бұзатын заттарды өткізуге байланысты қатынастарды реттейді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 1985 жылғы Озон қабатын қорғау жөніндегі Вена конвенциясы және оған 1987 жылғы Монреаль хаттамасы бойынша халықаралық міндеттемелерін іске асыруға бағытталған. Келісімді қабылдау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жердің озон қабатын қорғау бойынша халықаралық міндеттемелерінен туындайтын озон бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізуге, экспорттау мен импорттауға, сондай-ақ оларды есепке алу бойынша талаптарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Отырыс барысында сенатор Дариға Назарбаева біздің еліміздің сыртқы саудадағы барлық әріптестермен өзара сауда туралы статистикалық мәліметтердегі елеулі айырмашылықтарға байланысты депутаттық сауалын жария етті.

Депутат Владимир Волковтың депутаттық сауалы жалған ақша жасаушылармен күрес туралы болды.