Отандық телеарналарды сапасыз сериалдар мен той әншілері жаулап алды — профессор

Ұлы Отан Соғысы жылдары уақытша Алматыға көшіп келген «Мосфильм» мен «Ленфильм» режиссерлері «Қазақфильмнің» аяғына нық тұрып кетуіне біраз әсер еткен болу керек. 1960-90 жылдары 500-ден аса деректі, 100-ден аса көркем фильмдер түсіріліпті. Соңғыларының ішінде осы күнге дейін қызыға көретін Павел Боголюбовтың «Девушка и джигит», Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа», Шәкен Аймановтың «Алдаркөсе», «Наш милый доктор», «Тақиялы періште», «Конец атамана», «Атамекен», СұлтанАхмет Қожықовтың «Қыз жібек», Толомуш Өкеевтің «Көксерек», Эльдор Оразбаевтың «Транссибирский экспресс», Әзірбайжан Мәмбетовтың «Қан мен тер», Мәжит Бегалиннің «Мәншүк туралы ән», Болат Мансұровтың «Сұлтан Бейбарс» және т.б. кионфильмдерді айтуға болады.

Еліміз егемендік алғаннан кейін шығарылған «Перекресток» пен «Саранча» телесериалдары орыс тілінде болды. Біріншісі 450 бөлімнен тұрады, 4-5 жыл көрсетілді, тартымды бола қойған жоқ, анда-санда көріп жүрдім. Жасы 60-тан асқан қандастарымыздың орыс тілінде сөйлеуі ерсі көрінетін. Бүгінгі таңда осындай ұзақ сериалға сұраныс бар ма? Болса қайта көрсетіліп жатар еді, демек сұраныс жоқ болғаны. Қанша қаражат жұмсалды екен?

Біраз қаржы жұмсап, шетел режиссерлері ( Пассер, АҚШ, С. Бодров, Ресей) мен әртістерін шақырып түсірген «Көшпенділер» ойдағыдай болмады. Олардың шеберлігі қанша мықты болса да ұлтымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қайдан білсін? Шетел сарапшыларының көңілінен шығып, қаражат алу үшін кейбір режиссерлер «Кеңес үкіметі кезінде ұлтымыз ешқандай өркениетке жетпеген, мал бағып айдалада жүрген, тұрмыс жағдайы ауыр болған» деп көрсетуге тырысты.

Күнделікті республикалық арналардан көбінесе көретініміз қазақ тіліне аударылып, дубляж жасалған түрік пен үнді сериалдары, соңғы кезде Корея, Филипин, Малайзия, Жапония елдерінің туындылары көрсетіле бастады.

Құдайға шүкір, соңғы жылдары ана тілімізде қойылған телесериалдар бірінен кейін бірі көрсетіле бастады. Кейбіреулерінің сценарийі орыс тілінде жазылып, аударылғаны байқалып тұрады. Оқиға желісінің тартымдылығы, шытырмандығы, ойнайтын әртістердің кәсіби шеберлігі жағынан отандық телехикаяларды Ресей мен Түрік сериалдарымен салыстыра алмайсыз.

Өкінішке орай, олардың біразының сюжеті өмір шындығына үйлеспейді, кейбір әртістердің рөлді шынайы ойнай алмайтыны, тұрпайылығы, дөрекілігі қынжылтады.

Еліміздің киноиндустриясын дамытуға бөлініп жатқан қаражат аз емес сияқты. Мәселен, 2003-2008 жылдар аралығында 1 млрд 392 миллион теңге бөлініпті. Асқар Бисембиннің «Свадьба на троих» филмінің бюжджеті 470 мың доллар, Қанағат Мұстафиннің «16 қызы» — 45 млн, Рүстем Әбдрашевтің Елбасының жастық шағынан бастап, белгілі саяси тұлға болуын баяндайтын тарихи сериалдарын түсіруге 2 млрд тенге қаржы бөлініпті.

Ақпарат министрі Дәурен Абаевтың мәліметіне қарағанда, өткен жылы 40-тан аса әртүрлі жанрда түсірілген сериалдар көременге ұсынылыпты. «Негізгі мақсат — ұлтымыздың салт-дәстүрін, тарихына назар аудару, отбасылық құндылықтар мен береке-бірлікті насихаттау, халқымыздың бай тарихы мен дәстүрін көрсету. Біз көрермендеріміз бен зиялы қауым өкілдерінің пікірін біліп отырамыз, мақсатымыз сапалы отандық телесериалдардың санын арттыру» — деді министр бір сұхбатында.

Өкінішке орай, аталған талаптарға сай келмейтін телесериалдар да жеткілікті, алысқа бармай ақ өткен жылы түсірілген Баян Алагөзованың «Баян Сұлуын» алайық. Ол жайлы жеке пікір жазғандықтан арнайы тоқталмадым. Заманның шынайы көріністері деп кейбір сериалдарда тәлім -тәрбиелік мәні жоқ, ұлтымыздың әдет ғұрпына үйлеспейтін қылықтарға көбірек көңіл бөлінеді.

«Айман- Шолпан» телехикаясында адалдық пен сатқындық, екіжүзділік пен зұлымдық, көрсеқызарлық пен дүниеқорлық, бір сөзбен айтқанда, қазіргі өмір шындығы шынайы көрсетілген. Көпшілік әртістер рөлдерін жақсы ойнайды, бірақ Айман сәтті шықпаған, қызметіне салғырт қарайтын, жалқау, өтірік айтатын жынды сүрей сияқты.

Жақында көгілдір экраннан «Ұлжан» телехикаясының бір сериясын көрдім, ол да қазіргі нарықтық экономика жағдайындағы өмірді бейнелейді. Басты кейіпкер жасы 30-дан асқан, көркіне мінезі сай кәсіпкер әйел, жалғыз басты нәресте көтермеген, арманы балалы болу. Бой жетіп қалған, үйде отырып жүкті болған, жалғыз басты апайымен бірге тұратын мінезі жеңілтек қыз босанғаннан кейін нәрестесін Ұлжанға бермек болады. Олардың тұрмыстары жұтаң болғандықтан, болашақ нәресте дұрыс өссін деп Ұлжан күнделікті азық түлігі мен көкөнісі, жеміс жидегіне дейін тасиды, екіқабат қыз демалып қайтсын деп Түркияға жібереді. Басты кейіпкеріміздің екінші танысы орта жасқа жақындаған, тұрмысы жақсы, көрікті ер адам, әйелі қайтыс болған, немесе ажырасқан, 14-15 жастағы қызымен тұрады. Ұлжан оны өзінің тұрмысқа шықпаған құрбысымен таныстырады. Оны туған күнін атап өту үшін үйіне шақырып, гұл шоқтарын ұсынып тұрғанда, қызы босағада тұрған қонақты жержебіріне жете ұрсып, әкесіне үйлендірмейтінін айтады. Әрине, бұл ұлтымыздың қазіргі рухани құлдыраған заманындағы өмір шындығы екенін түсінемін; бірақта үлкенді, әсіресе, әке мен шешені силап, құрметтейтін ұлтымыздың салт дәстүріне жат құбылыс.

Мұндай телехикаялардан қандай үлгі өнеге алуға болады, енді жас нәрестені қоқысқа немесе дәретханаға, немесе автокөлік тересезінен лақтыруды көрсету қалды ма? Қаншама жігіттер мен қыздар ұлттық сана-сезімнің құлдырауынан, тұрмыс ауыртпалығынан, баспана болмауынан, жарқын болашаққа үмімсіздіктен отбасын құра алмай жүр, некелескендердің 30 пайызға жуығы ажырасып тынуда.

Егемен ел болғаннан бері өзекті бір мәселеге мән бермей отырғандаймыз, ол жас сәбилер мен жеткіншіктерді ұлттық рухта тәрбиелеу, ана тілін үйретуде мультфильмдердің атқаратын рөлі.

1960 – 1990 жылдары аралығында 100-ден аса, жылына 7-8 мультфильм түсірілген екен. Әмен Қайдаровтың: «Қарлығаштың құйрығы неге айрық» туындысы 1967 жылы Ленинградта өткен конкурста екінші жүлдеге ие болыпты. «Алпамыс мектепке барады», «Балалық шаққа саяхат» сияқты және т.б. тәрбиелік мәні бар мультфильмдер түсірілген. Кеңес үкімет кезінде алған қарқын 1993 жылға дейін жетіпті, егемендікке қол жеткен ширек ғасыр аралығында бар жоғы 2-3 мультфильм шығарылыпты. Шәкен Аймановтың «Алдаркөсесін» үлкендер мен жастар қызыға қараса, «Мен Алдармын, Алдармын, сақалымды талдармын» деп басталатын қазіргі нұсқада ол ауыл кезген тазшабалаға көбірек ұқсайды.

Көгілдір экран көрсетілімдері жайлы да азын-аулақ пікір айта кеткенді жөн көрдім. Отандық телесериалдарды 10-15 минуттай қарасаң, арасына 5-7 минуттей тәулігіне бірнеше рет қайталанатын рекламаларды тықпалап мезі қылады. Оның көпшілігі орыс тілінен аударылған, бұл салада да өнерімізді көрсетпек болып едік, көпшілігі сәтсіз шықты.

Өкінішке орай, соңғы кезде жеңіл желпі ән орындайтын той әншілері мен әртістер жөн-жосықсыз әзіл оспақ, сықақ айтатындар жаулап алған сияқты орындаушылар көгілдір экранды жаулап алған. Бұрын олар сценаға бір-екеуден шығатын болса, қазір топтасып оншақтысы бірден шығады, айтатындары көбінесе тәрбиелік мәні жоқ мылжың сөздер, көрсететіндері сайқы мазақтар, ұлтымызды келемеждеу.

Жақында Ерке Есмаханның жүргізілушілерге еркелегіні соншалық, көйлегін көтеріп сценаға отыра қалды, жата қалмағанына шүкіршілік дедім. Өткізілетін ән сайыстарда жас орындаушылар білсін, білмесін әйтеуір ағылшын тілінде өкіріп-бақырып жатады. Оларға мәз майрам болып отырған әділқазылар, орта буындағы Нұрлан Абдуллин, Мәдина Садуақасова, Мейрамбек Беспаев, жасырақ тәлімгерлер Әли Оқапов, Алмас Кішкенбаев т. б. Әр жұмада көрсетілетін «Сазгер» бағдарламасына келсек, жүргізуші Арман Дүйсеновтың орынсыз әзіл оспағы шаршатады. Өнер адамдарының дос жарандары көп болатыны белгілі, соларды және сазгердің үрім бұтағын жиып, әрқайсысын таныстырып, мақтауын жеткізіп жатқаны, арасында бірен саран шығармары орындалады. Оркестрдің аты болуы керек, міндетті түрде тамағын кернеп, күшеніп «чайпен» деген сөзді орынсыз қыстырмалатып жатады.

Еліміздің ұланқайыр өлкелерінен мыңдаған өнерпаздар, тіптен Монғолия мен Қытайдан келген қандастарымыз қатысқан, үш айға созылған «Мен қазақпын» жобасы жоғарғы дәрежеде өтті. Халық әндері шырқалып, шебер орындалған термелер мен күйлер құлақтың құрышын қандырды.

Ұлтымыздың негізгі саз аспапы домбыра және қобызбен орындалатын Құрманғазы мен Дәулеткерей, Тәтімбет пен Түркештің, Қорқыт пен Ықыластың, кешегі Кеңес дәуірінде аты жер жарған күй анасы аталған Дина Нұрпейісованың, белгілі композитор және дирижер Нұрқиса Тілендиев пен Қаршыға Ахмедияров күйлері сирек орындалады. Соңғы жылдары күй өнерін жоғары биікке көтерген Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева және т.б. өнер тарландарын көгілдір экраннан анда санда көреміз. Ырғағына келтіріп, құлақтың құрышын қандыра орындайтын Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, ағайынды Абдуллиндер, Әлібек Днішев, Толқын Забирова, Майра Мұхамедқызы, Рамазан Стамғазиев, Нұржамал Үсенбаева және т.б. өнер тарландарының орындауында халық әндері жиі беріліп тұрса қандай тамаша болар еді.

Мұрат Қойшыбаев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Мақаланың 50 пайызын ғана көшіріп басуға рұқсат етіледі. Көшіріп басу кезінде міндетті түрде newsasia.kz ақпарат агенттігіне гиперсілтеме беруіңіз шарт. Барлық құқықтар қорғалған.