Дос КӨШІМ: Осы уақытқа дейін айырылған жеріміздің барлығын билік таратып берді

«Жерге қатысты мәселе тез арада шешімін таппаса, «Желтоқсаннан» да асып түсетін жарылыс болады». Бұндай пікірді белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшім айтты, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі. 

— Қазақ – бәрін ішінде сақтайтын халық. Олар бес жылдық мораторийдың халыққа емес, билікке берілгенін жақсы түсініп отыр. Бірақ биліктің бұл бес жылды неге тиімді пайдаланып, заңға осы екі даулы мәселе жөніндегі өзгертулер мен қосымшалар енгізбей отырғанын біле алмай, дал болуда. Біреулер «бес жыл өткен соң, халықтың айқай-шуы басылған соң, жерді сатуға шығаруы мүмкін» десе, енді біреулері «осы бес жылда үнсіз-түнсіз, жердің бәрін сатып бітеді екен» деп, аттан салып, қауіп төндіреді. Әсіресе, «Жер кодексіне» өзгертулер мен толықтырулар енгізуге кіріскеннен бері, халықтың арасында сан түрлі пікірлер өрши түсуде. Жиында да айттым, тағы да қайталаймын – өз басым, нақты да түсінікті, бес ауыз сөзбен жазылған екі бапты көре алмадым. Біздің әңгімеміз «мен не деймін, домбырым не дейді» дегенге келеді; Жиынға келген билік өкілдері, заң шығару органның өкілдері «Жерді сату, шетелдік құрылымдарға көп жылға беру дайындалып жатқан өзгертулердің ішінде жоқ» десе, қоғам өкілдері «халық наразы болған екі мәселе заңнан неге көрініс таппады» деген сұрақ қояды, — саясаткер qazaquni.kz сайтына берген сұхбатында.

ҚОҒАМДАҒЫ ТЕКЕ-ТІРЕС КІМГЕ ҚАЖЕТ?

Дос Көшімнің сөзінше, жер сатылу фактілері туралы БАҚта ақпарат жарияланса арнайы комиссия оны дереу тексеруі керек. Соның нәти­жесінде не дерек анықталып, жерді шетелдіктерге жалға берген лауазымды адамдар жазаланады, немесе халықты дүрліктірген, сол деректі жариялағандар заң алдында жауап береді.

Біз қазір базардағы ұрысқақ әйелдер сияқты «сен-ақымақсың», «жоқ, өзің ақымақсыңнан» аса алмай отырмыз. Меніңше, біреулерге қоғамдағы осы теке-тірес қажет сияқты…

ЖЕР МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАУҒА АРАҚ ІШІП КЕЛГЕН КІМ?

Өткенде Астанадағы «Жұмбақтас» мейрамханасында жер мәселесін талқылауға арналған қоғамдық тыңдаулар өтті. Мұхтар Тайжан бастаған жиынға жер тағдырына алаңдап жүрген қоғам қайраткерлері жер-жерден келіп қатысты. Алайда, басы жақсы жиынның, соңы дауға ұласты. Тайжан жер мәселесін талқылауға арақ ішіп келді деп танымал желтоқсаншы Құрманғазы Рахметовты айыптап, әлеуметтік желіде жазды.

Желтоқсаншы да үндемей қалған жоқ.

«Қаным басыма теуіп, көзім шүңірейіп кеткенін көрген Тайжанға менің «мас» болып көрінуім ғажап емес. Әйтпесе, дастарханын жайып, оның менің аузыма арақ құйып, жүріп-тұруыма қаржы бөлгендерін көргендеріңіз болса, жаза беріңіздер», — деп жауап берді ол Тайжанға.

Кімдікі рас, кімдікі жалған екенін білмейміз, әрине. Осыған қатысты Дос Көшім не дейді?

– Біреулердің ішіп келгенін заң жүзінде анықтамай, сөз қозғау – құқықтық мемлекеттің дәстүріне жат. Әрине, аса қажетті келелі кеңеске мас болып келу – барып тұрған ақымақтық, бірақ ондай адам­дарды жиынға жібермеу – ұйымдас­тырушылардың міндеті болуы керек.

МОРАТОРИЙГЕ НҮКТЕ ҚОЙЫЛСЫН

Қоғам қайраткерінің пайымдауынша, «билік басында­ғылар» емес, халық билікке күдікпен қарайды екен. Бұл күдіктің пайда болуының да нақты негізі бар, — деп санайды Көшім.

Осы уақытқа дейін айрылған жеріміздің барлығын билік таратып берді. Тарихымызда Өзбекстанға кеткен, Ресейге кеткен жеріміздің барлығы «еңбекшілердің талабы мен өтініші бойынша» деп басталатын құжаттармен рәсімделген. Халықтың наразылығын тудырған екі мәселені түсінікті тілмен заңға енгізіп, қоғамның алдына жайып салсын да, мораторий деген солқылдақ мәселеге нүкте қойсын.

Кез-келген мемлекет эконо­микалық, әлеуметтік мәселе шиеленіскен уақытта тағы басқа мәселелерді көтеріп, халықты шулатпайды. Бұл – мемлекеттік саясаттың аксиомасы. Біздің билік экономикалық дағдарыстан қалай шығарын білмей отырып, біресе жер мәселесін қозғайды, біресе жоғарғы сыныптарда негізгі пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз деп айды аспанға бір-ақ шығарады, әйтеуір бүркітті құйрығынан түртуді қоймайды! Қыйыншылық кезеңінде халық пен билік бірге болуы керек, Қазақ елінің болашағының кепілі болатын жол – осы ғана.

newsasia.kz