«50 грамм таза спирт береді»: Шәмшінің қалай ішкілікке салынғанын жазған Шахановтың естілігі дауға ұласты

Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың ішкілікке салыны туралы жазған белгілі қазақ ақыны Мұхтар Шахановтың естілігі әлеуметтік желіде дау тудырды. Желі қолданушысы Жайық Нағымаш «ЭССЕ ЕЛЕСІНДЕГІ ҒАЙБАТНАМА немесе жүйкесі жұқалар оқуға болмайтын кітап» атты жазбасында Шәмшінің ішімдікке бейім болғанын жазған атақты ақынды сынға алды.

Бұл туралы newsasia.kz тілшісі хабарлайды.

— «Шəмшінің ғұмырлық геометриясынан» Шəмшінің ішуден қолы босамағанын, «ерекше таза адам» М.Шаханов өмір бойы оны «қорғаумен», «табиғи арнасына бұрумен» өткенін оқыдым. Бірақ бір адамның ішетінін мың рет тілге тиек етудің, оның жеке өміріндегі іс-əрекеттерін жалпақ жұртқа баяндаудың не қажеті бар екенін түсінбеймін. Ішкілікті жəне «левый жүрісті» қалай ұнатпасам дəл солай өзгенің ішіп-шеккенін, кіммен жүрген-жатқанын əңгімелеуді де жек көрем. Мына кітаптан «қаһарман-автор» мен «алқаш-жүргішті» ғана көрдім. Кітаптағы екі сөздің бірі — «ол ішкіш еді», «жүргіш» еді. Көке, кімнің кіммен жүріп, неше қатын алатынында не шаруаңыз бар еді?! — деп жазды Нағымаш өз парақшасында.

Аталмыш жазбаға Шахановтың оқырмандары мен жақтаушылары да үн қатып үлгерді. Мәселен, жазушы Құдияр Біләл өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Шахановтың Шәмші туралы жазған естелігін бұрмалады деп, өзінің көкейдегі ойын жеткізді.

— Ж.Нағымаш өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында М.Шаxановтың Ш.Қалдаяқов туралы жазған «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» атты естелік кітабын тілі жеткенше ғайбаттап, түкке алғысыз етіп тастайды. Рас, кімге де болсын оқырманға ұсынылған шығармаға пікір білдіруіне, егер маман болса, әдеби талдау жасауына, тіпті сынауына да шектеу қойылмайды. Бірақ біреудің еңбегін тұтастай жоққа шығарып, авторын тілі жеткенше ғайбаттауға әсте жол берілмейді, — деп жазды Біләл.

Жазушы, сондай-ақ, бұл жерде Шахановқа тіл тигізді деп санап, Жайық Нағымаш пен бірқатар пікір иелерін сотқа тартатынын жеткізді.

— Егер сот алдында жүздессек, Ж.Нағымаштың ол шығынның қанша болатындығын есептеуіне тура келеді. Сондай-ақ биылғы жылдың 6 мамыры күні Қылмыстық кодекске енгізілген 242-1 бап бойынша жеке тұлғаға тіл тигізіп, абыройына нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады, не болмаса 1000 айлық есеп мөлшері, яғни екі миллион бір жүз жиырма мың теңге шамасында айыппұл төлейді. Мұндай жауапкершіліктен Ж.Нағымаш жазбасына үн қосып, Мұxаңды ағаш атқа теріс мінгізуге әрекет жасаған Д.Сартбаев, В.Тасмағамбет, А.Сауранбаев, Б.Тоқтасындар да сырт қала алмайды, — деп жазды Құдияр Біләл.

Жазба авторы Шахановтың кітабынан үзінді келтіріп, оның Шәмшінің қалай ішкілікке салынғаны туралы жазылған естелігінен үзінді келтіреді.

— Иә, М.Шаxанов естелігінде Шәмші ағамыздың ішкілікке жақын болғандығы ашық айтылады. Сондай-ақ ол кітаптан «Шәкең ішкілікке не себепті жақын болды?» деген сауалға да жауап алынады. Мұxаң естелігінде Шәкеңнің әскердегі кезіне арнайы тоқталады. Сібірдің сақылдаған сары аязында қарауылда тұрған солдатқа үсіп қалмауы үшін берілетін спирттің Шәкең тағдырына қаншалықты кері әсер еткенін нақтылы дәйектермен тілге тиек етеді. Сөзіміз дәйекті болуы үшін шамалы көлемділеу болса да кітаптың өзіне жүгінелік. Мұxаң Шәмші ағасының ішкілікке бұрылып кету себебін былайша ашып көрсетеді:

«Шәмші 1951-53 жылдары Ресей Федерациясының қарамағындағы Саxалин қаласында әскери қызметте жүргенде, оны бір құпия зауыттың күзетшілігіне қойыпты. Сібір аумағында күн ерекше суық болғандықтан, күзетшілерге міндетті түрде таңертең, түсте, кешке 50 грамнан таза спирт береді екен. Үш жылға жуық осы шара күнделікті қайталанып отырады. Шәмшінің ұзақ жылдар бойына ішкілікке өзгеше деңгейде бет бұруына осы жасырын салт себепкер болғаны даусыз. Осындай жағдайға тап болған кез келген адамның тағдыры өзгереріне шүбә жоқ. Тіпті арақты аузына алмаған менің өзім де, әскер қатарында сол жерде қызмет еткенімде, «Қазақстанның xалық ішкіші» болып оралуым әбден мүмкін іс еді. Сондықтан да әрқайсымыз Шәмшінің сол кездердегі руxсызданған, мәнсізденген тағдырына кешіріммен қарауға тиіспіз», — деп сабақтай ойын автор.

Еске сала кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде Мұхтар Шахановтың Мұқағали туралы айтқан пікірі дауға ұласып, қызу талқыға түскен болатын.

Құдияр Біләл,

Фейсбук парақшасынан