Көпбалалы анаға лайықты жәрдемақы төленсе бес бала аман болар еді — Қазыбек Иса

Мәдина Әбілқасымова, Қазыбек Иса, Астана, өрт, Жәрдемақы

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айлығын 16 мың теңге қылу керек. Бұл ұсынысты белгілі қоғам қайраткері Қазыбек Иса айтты, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

— Бізде қазір отбасының әр мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөрістің (24459 тг-2017 жыл) 60 пайызынан төмен отбасыға әр балаға 2383 тенге (1,05 АЕК) ғана төленеді. Егер 24459 теңгенің 60 пайызы 14 675 теңге десек, онда екі балалы отбасының табысы 4 адамға шаққанда 58 701 теңгеден аспауы керек. Егер бұл отбасының табысы 60 мың теңге болса, онда ол екі балаға алатын 4 766 теңгеден (!) айрылады…  Ал көп балалы отбасылардың  4-5-6 баланың бәріне алатыны 10 мың теңге ғана! Не деген миллиондар, министр Мәдина Әбілқасымова xаным!?.  — деп жазды Қ. Иса «Қазақ үні» сайтындағы мақаласында.

Сонымен қатар, «Ақ жол» ҚДП төрағасының бірінші орынбасары Қазыбек Иса егер көпбалалы отбасыларға кемінде 150 мың теңге жәрдемақы төленсе Астанада орын алған қайғылы жағдайлар болмас еді деп санайды.

— Егер мына қапыда қаза тапқан бес балаға тиесілі он мың ғана теңгенің орнына әр балаға Ресейдегідей миллиондап емес, кемінде 30 мыңдай ғана төлегеннің  өзінде, айына бес балаға 150 мыңдай теңге алар еді де, түнгі ауысымға жұмысқа шықпай-ақ,  бала тәрбиесімен отырар еді-ау… Сонда бес бала — болашақ бес отбасы, бес ауыл аман қалар еді… — деп жазды автор.

Сондай-ақ, қоғам қайраткері «Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінен бастап, бар шенеуніктердің айлығын 16 мың теңге жасамай, жақсылыққа жари қоймаймыз-ау» деп өз пікірін ашық айтып, Астанадағы алапат өрттен қаза болған бес баланың жайына өз күйінішін білдірді.

— Алды 13-ке де толмаған, арты 3 айлық бес қыздың түнде де ақша табуға кеткен әке-шешелерінің жолына қарап, бір-бірін құшақтап жатып өртеніп кетуі не деген ауыр қайғы еді?!. — деп түйіндеді сөзін ол.