Кәсіпкерлік саласы Қазақстан жастарын әлі де қызықтырмай отыр — Тоқаев

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ. Тоқаев Астана қаласында өткен Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттерді талқылауға арналған арналған дөңгелек үстелге қатысты, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Дөңгелек үстел барысында Тоқаев бүгінгі таңдағы еліміздегі жастардың кәсіпкерлікпен шұғылдану мәселесіне ерекше тоқталып өтті.

— Қазіргі уақытта жастардың арасындағы жұмыссыздық барлық әлемде өткір мәселеге айналып отыр. Соңғы деректер бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейі 13%-ды құрайды, ал кейбір елдерде 40%-ға жетеді. БҰҰ деректері бойынша әлемдегі әрбір бесінші жас оқымайды және жұмыс істемейді, — деді Сенат төрағасы.

Оның айтуынша, жастардың бойында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажет.

— Өкінішке орай, кәсіпкерлік саласы Қазақстан жастарын әлі де қызықтырмай отыр. Әлеуметтік сауалдардың деректері бойынша сұралған жастардың 51 %-ының бизнеспен айналысу туралы ой жоспарында жоқ екен. Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, біз бизнеспен айналысу үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз?