Кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің барлығы қазақшаға аударылады — Ақтоты Райымқұлова

Бүгін ҚР Парламент Сенатында әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда «Кинематография туралы» заң жобасы қаралды.

Бұл туралы newsasia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Заң жобасы кинематография саласындағы құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерді айқындау мақсатында әзірленді.

Заң жобасы қабылданған соң ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттілігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуға тиіс болады. Прокатталуы шектеулі фильмдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокатталатын және көрсетілуі қазақ тілінде жүзеге асырылмайтын фильмдер қазақ тіліне дубляж жасалуға не субтитрленуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс.

Сонымен қатар, Сенатта баяндама жасаған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова прайм-таймда ұлттық фильмдер көрсетілсе, киноөндірушілер мен кинотетрлар салықтық жеңілдіктер алатыны туралы айтты.