Ең төменгі күн көріс көлемін шынайы тұрмысқа бейімдеп қайта есептеу керек — сенатор

Сенат отырысында (14 ақпанда) депутат Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Астана қаласында өрттен болған бес сәбидің орны толмас қазасы бүкіл Қазақстандықтардың жүрегін жаралады. Періште сәбилердің ата-анасына Елбасымыздан бастап мыңдаған қарапайым азаматтарымыз оның ішінде Сенат депутаттарыда өздерінің көңіл қоштарын білдірді. Сенат Төрағасы да «Бұл іс тиісті мемлекеттік органдар мен жалпы қоғам үшін сабақ болуы тиіс» деген өзінің ресми пікірін айтты.

Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесі соңғы апталардағы жұртшылықтың ең көп талқылап жатқан тақырыптарының біріне айналды. Айтылып жатқан ұсыныстар мен талаптардың негізі тұрғын үй алуға жеңілдік, жәрдем ақы, әлеуметтік төлемдерді көбейту және басқада жеңілдіктер (коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, білім, қоғамдық көлікте жүру т.б.) төңірегінде болды.

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Үкіметтің жанынан «Халықтың табысын арттыру және тұрмысын жақсарту бағытында ұсыныстар әзірлеу» жөнінде жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс тобы аясында еліміздегі барлық облыс, қала, аудандардың құрамында құзырлы мекемелердің өкілдерінен тұратын жұмысшы топтар құрылып жұмыс жасауда. Осы барлық жұмыс топтары қала, аудан аумағында орналасқан барлық тұғын үйлерге, аула аралық аралау жұмыстарын жүргізіп азаматтардың тұрмыс жағдайын жан-жақты сараптап зерделеу керек.

Жалпы ресми мәліметке сүйенсек елімізде 340 мыңнан астам көп балалы отбасы тіркелген. Оның 237 мыңы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері болып табылады. Сонымен бірге 85 мың мүгедек балалар, 400 мыңға жуық балалары бар, бірақ асыраушысы жоқ не одан айрылған жалғыз басты аналар, 68 мыңнан астам балалары бар жалғыз

басты әкелер бар. Анығына келгенде біздің қоғамымыздағы тұрмыстары төмен ең әл-жуаз топтардың санаттары осылар.

Мемлекет басшысы халықтың табысын көтеруге және азаматтардың өмір сапасын жақсартуына үнемі басты назар аударып келеді. Оған дәлел 2019 жылы еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 3.043,4 млд. теңге, яғни барлық бюджеттің 28,4 пайызы бөлінді. Ал тек әлеуметтік төлемдерге 2.884,4 млд. қарастырылды. Бұл өткен 2018 жылмен салыстырғанда 372,2 млд. Көп. Алайда осы қаржыларды қазіргі қалыптасқан экономикалық және әлеуметтік жағдайға байланысты тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларына ауыл, аудан, облыс көлемінде есептеу мен бөлуде әліде болса көмшін тұстары бар деп санаймыз. Біз адам дамуының ұлттық стандарттық индексін қайта қарауымыз керек. Осыны анықтап алғаннан кейін еліміздегі кедейлік деңгейінің нақты көрінісі шығады. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еліміздегі кедейліктің шегі 3 пайыз деген мәліметі қазіргі шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені біздегі ең төменгі күн көріс шегі күніне 881 теңге кіріс кіретіндер болып саналса, БҰҰ-ның стандарттары бойынша ең төменгі күн көріс шегінің көлемі 5 доллар яғни 1875 теңге болып есептелінеді. Сондықтанда Үкімет біріншіден, ең төменгі күн көріс шегінің көлемін қазіргі шынайы тұрмысқа, өмір сапасына бейімдеп қайта есептеп шығу керек. Екіншіден, «Алтын алқа, Күміс алсқасы» бар аналардың, асыраушысы жоқ (ажырасқан, жесір т.б.) аналардың, мүгедек әйелдердің, мүгедек баласы бар аналардың, әлеуметтік-тұрмыстық әл ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмілеттік жасқа жеткенше ең төменгі жалақының көлемінде жәрдем ақы төлеудің мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Үшіншіден, көптеген дамыған елдерде бар көп балалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында «Үлкен отбасы» арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Отбасында бала саны көбейген сайын салықты азайту, пәтер ақы төлем ақысын төмендету, кейбір азық-түлікті тегін алуға арнайы талондар беру, мектеп жасындағы балалардың қоғамдық көліктерде тегін жүруі сияқты жеңілдіктерді енгізудің тетіктерін жетілдіру қажет. Қазіргі кезде тек көп отбасылардың банктен алған несиелерін мемлекет тарапынан ішінара болса жабу тетіктерін қарастыруды ұсынамыз. Төртіншіден, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасында бірге тұратын зейнеткердің, мүгедектің, студенттің және бір жасқа дейінгі бала күтіміне, мүгедек баланы қарағаны үшін төленетін жәрдем ақылар мен шәкіртақы көлемін табыс көзі ретінде есепке алмауды ұсынамыз. Бесіншіден, көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларың Үкіметтің тұрғын үйімен қамтамасыз етуге бағытталған саналуан бағдарламаларға қатысу мүмкіндігінің жоқ болуына байланысты көпшілігі тұруға өте қолайсыз-тар, жалдамалы орындар мен пәтерлерде тұруға мәжбүр. Сондықтан да олардың үй кезектілігін бөлек тіркеу шараларын және олар үшін барынша қол жетімді алдын-ала жарнапұл

төлемей жалға берілетін, еліміздің барлық қалалары мен аудан орталықтарында салатын тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жүйелі іс-шаралар қабылдануы тиіс. Сонымен бірге, тұрғын үй салуға ірі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыра отырып, тұрғын үй салатын кәсіпкерлік субъектілерге салық кодексіне сәйкес салық жеңілдіктері мен мемлекеттік наградалармен ынталандыру тетіктерін жетілдіру қажет.

Көп балалы аналар мен қоғамның әлжуаз топтарын әлеуметтік қорғау саласына қатысты қордаланып қалған мәселелерді тез арада шешіп тастауға ешқандай мүмкіндік жоқ екенін барлығымызда жақсы түсінеміз. Дегенмен де құрметті Бақытжан Әбдірұлы еліміздегі әлеуметтік тұрақтылық пен халықты қорғауды күшейту мақсатында көп балалы аналар мен мүгедектерді және ауыр қиын өмірлік жағдайдағы өмір сүріп жатқан азаматтарымызды қолдауға бағытталған арнайы кешенді әлеуметтік бағдарлама әзірлеуіңізді сұраймыз.

newsasia.kz