Астанада Тәуелсіздік күніне арналған негізгі шаралар қайда өтеді

Тәуелсіздік күніне орайластырылған мерекелік отшашу 16 желтоқсанда сағат 22.00-де Есіл өзенінің жағалауында болады. Отшашу Тәуелсіздік күніне арналған ірі мерекелік іс-шараларды қорытындылайды.

Бұл туралы newsasia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әдеттегідей, ашық аспан астында – елорда әкімдігінің алдындағы Қалалық алаңда  өтетін үлкен концерт қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтеді. 16 желтоқсанда қала тұрғындары мен қонақтары Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы солистерінің, «Z» триосының, «Аламан» триосының, «Арт Домбыра» триосының, Досымжан Таңатаровтың, ағайынды Жүгүнісовтардың, Дос пен басқа да отандық әншілердің өнерін тамашалайды.

Қазіргі кезде Астана қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге белсенді дайындық үстінде. Елордалық мәдениет және спорт мекемелерінде атаулы датаға орай түрлі шаралар ұйымдастырылады, атап айтқанда, театрларда спектакльдер, көрмелер, концерттер, спорттық жарыстар және басқалары өтеді.

Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылған шаралар 6 желтоқсанда бастау алады. Ай соңына дейін Тәуелсіздік сарайында «Еркіндіктің дастаны – Астана» және «Хроники Независимого Казахстана» атты фотокөрмелер көпшілік назарына ұсынылады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінде 10-16 желтоқсан аралығында «Желтоқсанның асықпаған ақиқаты немесе бес комиссия мүддесі» деректі фильмі көрсетіледі, ал 14-і күні «Желтоқсан – Тәуелсіздік рухы» дәрісі оқылады. «Тәуелсіздік таңы атты» көрмесі 14-18 желтоқсанда С.Сейфуллин музейінде өтеді. Ал елордалық кітапханаларда кітап көрмелері мен тәуелсіздік тақырыбындағы ашық сабақтар ұйымдастырылады.

11-13 желтоқсанда Мемлекеттік академиялық филармония мерекеге орай «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблінің, «Шалқыма» халық биі ансамблінің және халық әнін орындаушылардың қатысуымен «Думанды ел»; Қазақ оркестрінің және халық, классикалық және эстрадалық вокал солистерінің қатысуымен өтетін «Азия дауысы» және «Тәуелсіздік тұғырым» үрмелі аспаптар оркестрлерінің концерттер циклын қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынады.

Елордалық театрлар демалыс күндері көрермендер үшін ашық болады. Қуыршақ театрында, «Жастар» театрында және Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында түрлі қойылымдар көрсетіледі (шаралар жоспары тіркелген).