«Әкімдік жолды күремеді»: Адамдар қайтыс болған туысын зиратқа шанамен сүйреп апарған

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында адам естімеген жайт орын алды. Әкімдік зиратқа дейінгі жолды уақытылы қардан тазаламағандықтан қаралы отбасы мәйітті шанамен қорымға дейін сүйреп апаруларына тура келді.

Бұл туралы newsasia.kz ақпарат агенттігі atpress.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Марқұмның туыстары жергілікті әкім Талғат Манатауовтан жолдың неге тазаланбағаны туралы сұрағанында ол «тендерді ұтқан қызмет көрсетушінің жоғалып кеткенін» айтып ақталған екен.

Долинный ауылындағы оқиғаға қатысты ауылдағы қар тазалау жұмыстарын атқарған кәсіпкер Амангелді Қабаев та өз пікірін жеткізді.

Кәсіпкердің айтуынша, әкімдік қар тазалу жұмыстарына тиесілі қаржыны аудармаған. Қазіргі уақытта бұл қарыздың мөлшері 230 мың теңгені құрайды.

Еске сала кетейік, бұл оқиға наурыз айының 5-і күні Теректі ауданындағы Долинный ауылында орын алған.