Home Басты жаңалық Министр Атырауда көпбалалы отбасыға баспана кілтін табыс етті

Министр Атырауда көпбалалы отбасыға баспана кілтін табыс етті

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Атырау облысының Исатай ауданында аз қамтылған отбасыларына жаңа үйдің кілттерін табыс ету рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Алмас Аманбаев Тұщықұдық ауылының тұрғынынан үй сатып алып, оны көпбалалы отбасына сыйлады.

Жанұяның анасы Ақмарал Қадырова жақында ғана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталған. Отбасының алты баласы бар, қазір жетіншісін күтуде. Ұзақ уақыт бойы отағасы  жұмысқа орналаса алмаған.

«Мен мұны бұрыннан ойлап жүргенмін,  бірақ ыңғайлы сәт болмады, бір отбасына болса да көмектескеніме қуаныштымын», – дейді Алмас Аманбаев.

«Елбасы өткен съезде мемлекет бір адам емес, барлық қазақстандықтар деген болатын. Сондықтан біз осындай шараларды қолдаймыз,  өздерін ғана емес, жалпы қоғамды да ойлайтын адамдары бар ел бай болары сөзсіз», – деді Елжан Біртанов кәсіпкерге алғыс айта отырып.

Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиевтің  айтуынша, өңірде кәсіпкерлердің бастамасымен көптеген  қайырымдылық шаралар атқарылған.

«Ауданымызда кәсіпкердің қолдауымен баспанаға ие болып отырған алғашқы жанұя. Мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдемін. Себебі, жылдан-жылға кәсіпкерлердің саны артып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетемін деушілердің қатары көбейіп келеді»,  – деді Марат Мурзиев.

Жалпы ауданда күнкөріс есебінен төмен табыс табатын 140 отбасы бар. Қазіргі кезге дейін оларға кәсіпкерлердің қолдауымен азды-көпті көмектер көрсетілген.

Еске сала кетсек, Үкіметтің ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған әлеуметтік блогының бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Атырау облысына барған болатын.

Check Also

Нұрсұлтан Назарбаев: Елімізде саяси бәсеке бар

Елбасы «Nur Otan» партиясы кандидатының Республикалық қоғамдық штабының мүшелерімен кездес…