Депутат Сириядағы әл-Фараби кесенесін қалпына келтіруді ұсынды

Бүгін Астанада өткен Сенат отырысында депутат Әлімжан Құртаев  Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, Әл-Фараби мавзолейінің құрылысын сөз етті, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор өз сөзінде 2007 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Дамаскіге барып, әл-Фарабидің басына тәу етіп, құран оқытқанын айтты.

Сонымен бірге, депутат елбасы сапарының нәтижесінде әл-Фараби атындағы мавзолейдің құрылысын жүргізу және сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың мавзолейін жөндеуден өткізу туралы екі ел арасында келісім жасалғанын тілге тиек етті.

Айта кету керек, қазақстандық мамандар бұл екі нысанның құрылысы мен жөндеу жұмыстарының 95 пайызын 2011 жылы Сирия дағдарысы басталғанға дейін бітірген болатын. Әскери жанжал жылдарында аталған нысандарды сириялық азаматтар күзетті. Алайда соңғы екі жылда әл-Фараби мавзолейінің қарауылдары жалақы алмағандықтан мәселе көтеріп, тарихи нысанды қараусыз қалдыруға мәжбүр болуда.

— Сириядағы соғыстың тоқтауына байланысты және 1150 жылдықтың қарсаңында, яғни, 2019 жылы әл-Фараби атындағы мавзолейдің құрылысын толықтай аяқтап, ресми ашылуын өткізгеніміз абзал. Қос тарап Сирия аумағындағы екі мавзолейдің тағдырын шешіп, олардың Қазақстан Үкіметінің немесе Сирия Үкіметінің қарауына өтуін қамтамасыз еткені жөн, — деді Әлімжан Құртаев өз сөзінде.

Сенатор, сондай-ақ, Астана мен Түркістан қалаларында әл-Фарабидің ескерткішін орнату мәселесін де көтерді.