Г. Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Атырау облысына барды

Бүгін Үкіметтің ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова бастаған әлеуметтік блогының бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Атырау облысына барды, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде алға қойған тапсырмаларын және халықтың аз қамтылған топтарын қолдау және табысты арттыруға, кірістері төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсартуға, өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған тапсырмаларын іске асырудың негізгі бағыттары түсіндіріледі.

Топ құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ. Рыскелдинов, журналистер мен блогерлер кірді.

Г. Әбдіқалықова Атырау қаласында Құрманғазы атындағы Мәдениет үйіде өткен халықпен кездесуде қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға: мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың, сондай-ақ халықтың мемлекеттің қолдауына мұқтаж әлеуметтік осал топтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларына тоқталып өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов бастаған шағын топтар Махамбет және Мақат аудандарына барып, азаматтарды жеке қабылдау, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерінің қызметкерлерімен

кездесулер өткізіп, денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралады.

Осы күні Премьер-Министрдің орынбасары әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешені құрылысымен танысты. 72 пәтерден тұратын бірінші блокты 2019 жылғы наурызда пайдалануға беру көзделген. Шілдеде тұрғын үй кешенінің құрылысы толықтай аяқталады.

Бұдан өзге, Г. Әбдіқалықова қалалық Жұмыспен қамту орталығы мен Халыққа қызмет көрсету орталығының дайындығын тексеріп, Студенттер үйіне барды. Онда аз қамтылған отбасылардан шыққан жастармен өзекті мәселелерді, сондай-ақ, Жастар жылы аясында орындалып жатқан іс-шараларды жүзеге асыру барысын талқылады.

Жұмыстың бірінші күнінің соңында аудандардың әкімдерімен, кәсіпорындардың және кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен кеңес өткізілді, онда жұмысшылардың еңбек ақысын уақытылы және лайықты алуына қатысты құқықтарын қорғау, өндірісті жаңғырту, жұмысшылардың еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жұмыс берушілердің, ең алдымен, жұмысшылардың әлеуметтік осал санатына қатысты әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлінді. Атырау облысына жұмыс сапары жалғасуда.