Астанадағы жойқын жарылыс: Екі қабатты ғимараттың төбесі опырылып түсті (фото)

Елордадағы кәсіпорындардың бірінде газ баллоны жарылды. Зардап шеккендер бар, деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігіне сілтеме жасап.

15 наурызда сағат 17:06-да Орталық «101» пунктіне Алаш тас жолы, 65/1 мекен-жайы бойынша орналасқан ғимаратта газ баллоны жарылғаны туралы хабарлама келіп түсті.

«8 минуттан кейін оқиға орнына жеткен өрт сөндіру қызметінің кезекші бөлімдері газ баллоны жарылуының нәтижесінде «МолПродуктсервис» ЖШС ғимаратының төбесі құлағанын анықтады. Алдын ала мәліметтер бойынша оқыс оқиға орын алған жердің ауданы 300 шаршы метрді құрайды. Жарылыс нәтижесінде 3 адам зардап шекті. Олар қалалық № 1 ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда оқыс оқиға орын алған жерде Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 22 адамы мен 6 техникасы жұмыс істеуде», – делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Оқиға орнына тез арада қала әкімі Бақыт Сұлтанов, ҚР ІІМ ТЖК төрағасы Владимир Беккер, Астана қаласы ТЖД басшысының міндетін уақытша атқарушы Марғұлан Аманбаев, Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Каналимов жетті.

Жарылыс нәтижесінде зардап шеккен 1991 жылы және 1970 жылы туған азаматтар 2-3 дәрежелі термиялық күйікпен қалалық № 1 аурухананың интенсивті терапия бөліміне жатқызылды. 1979 жылы туған тағы да бір зардап шегуші ТОҒЗИ-на жеткізілді. Оның диагнозы анықталып жатыр.

Зардап шегушілерге қажетті көмек толық көлемде көрсетілуде.

Оқиға орнында жедел жәрдемнің 2 бригадасы кезекшілік атқарып жатыр.