Қазақ тілін меңгерген жапон студенті диплом жұмысын жазу үшін Қызылорда облысына бармақ ниетте. Болашақ филолог 2 жыл бұрын Қазақстанда болған, – деп хабарлайды 24.kz.

Оның қазақ тіліне деген құрметі Алпамыс батыр эпосын оқығаннан кейін артқан. Такуро Оучи Токио Университетіндегі шетел тілдері бөлімінде оқитын студент. Негізгі пәні маңғол тілі болғанымен екінші курстан бастап қазақ тіліне аса қызығушылық танытып, бар ынтасымен меңгере бастаған. Ана тілімізге деген махаббат жапон тіліне аударылған «Алпамыс батыр» эпосын оқығаннан кейін ашылды дейді студент.

Такуро Оучи, студент:

– Сол кітапты Сакаи Хироки деген осы универде сабак беретін мұғалім аударып қазақ тілінен аударып басып шығарған, сол кітаптан әсер алып, қазақ мәдениеті жайлы білгім келді. Осы университетте өтетін қазақ тілі сабағына қатыстым. Сол кезде мен қазақ тілі өте оңай екенін байқадым. Мысалы, қазақ тілінің жүйесі жапон тіліне қатты ұқсайды. Сондықтан жапондар үшін үйрену оңай болады.

Такуроға осыдан екі жыл бұрын білімін шыңдау үшін Қазақстанда болу мүмкіндігі туған. 10 айға созылған оқудың берері мол болды. Енді ол диплом жұмысын жазу үшін Қызылорда облысына баруды жоспарлап отыр.

Такуро Оучи, студент:

– Қазір мен Қорқыт ата жайлы зерттеп жүрмін, Қазақстанның Қызылорда облысына барып олармен байланысты жерлерге бару жоспарлап отырмын. Мен Қазақстанға бару үшін аптасына 2-3 күн күзетші болып жұмыс істеп жүрмін. Сөйтіп, ақша жинап Қазақстанға барамын. Мен Қазақстанға, әсіресе Қызылорда облысына барған кезде сол жақта қыдыртатын кісі бар болса, ұмытылмас сапар болатын шығар.

Диплом жұмысын алдағы жылдың басында тапсыру керек. Болашақ филологтың айтуынша, университет қабырғасындағы кітапханада қазақ тіліндегі кітаптар жоқтың қасы. Ал бұл мәселе шешілсе, жапон жастарының қазақ тіліне деген қызығушылығы арта түседі деген сенімде.

Check Also

Асқар Мамин: Жұмысшылардың құқықтарының кемсітілуіне жол бермеу керек

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік өңірлері…