Белгілі сатирик Мұхтар Шерім «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының жетекшісі, әртіс Нұржан Төлендиевті «ұрлық» жасады деп айыптады, – деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Сатириктің сөзінше, «Алдараспанды» көріп отырған ол, театрға деген ыстық ықыласына біреу су сепкендей әсерде болған екен.

– «Тука» інімнің ұрлықшы екенін көріп, көздерім алақандай, көңілім жорғалап бара жатқан тарақандай болды! Ойпырмай, бұлар да таусылады екен ғой! Таусылған соң ұрлыққа барады екен ғой? Ол менің үйіме ұрлыққа түскен жоқ, ол менің шығармамды, сатирамды ұрлап кетті! Тал түсте! Әлеуметтік желілерде жарияланып кеткен «Сирияға кеттім!» атты сатирамды ұрлап, монолог жанрында айтып шықты! Кейіпкерімнің әйелі «Сиырға кеттім!» деп күйеуіне хат жазып кеткісі келеді, бірақ сауатсыздығынан «Сирияға кеттім!» деп жазып қойған. Оқиға осылай өрбиді. Нұржан інімнің сатирамды орындағанына мәз болар едім-ау! Бірақ ұяттан жұрдай, әшейінде сахнада ұлағатты сөздер айтуға келгенде алдына жан салмайтын інім «Сирияға кеттім» сатирамды орындағанда, эфирде «авторы Нұржан Төлендиев» деп берді. Бұл не сонда? Тонау ғой? Дереу өзіне қоңырау шалдым. «Ойбай, сіздікі ме еді? Маған вацаппен келіп еді… Кешіріңіз… Телевидениеге айтып, фамилияңызды қойдыртамын» деп ақталып жатты ұялмастан, – деді Мұхтар Шерім.

Сонымен қатар, Шерім вацаппен авторсыз келген әзілдерді иеленіп кете беруге болмайтынын да тілге тиек етті.

– Авторлық құқығымды талап етіп, сотқа шағымдануым, моральдық шығын талап етуім мүмкін. Өзіме шақ теріме сыймай, әрі жақсы көретін інімді ұры деуге қимай отырмын… Осы бағдарламасында менің тағы бір сатирамды иемденіп кетіпті. Суцид туралы жазғанмын. Идеямды, оқиғаны ұрлаған. Оны да дәлелдей аламын. Кезінде «Шаншарға» «Үбән» атты әзілімді өзім беріп, осы Нұржан тамаша орындап шыққан еді. «Алдараспанға» «Евромоламды» беріп, ерекше орындап, тағы бір қуантып еді. Енді міне, еңсем есікке қысылып, ұнжырғам ұн болып отыр! Шынында, «Алдараспан» кейінгі кезде аласарып, алақ-жұлақ ете бастады, сөйтсем, таусыла бастапты ғой! Егер маған әлеуметтік желіде кешірім сұрамаса, авторлығыма нұқсан келтірмесе, жағдайы ушығып тұр «Туканың»… – деді автор.

Check Also

Нұрсұлтан Назарбаев: Елімізде саяси бәсеке бар

Елбасы «Nur Otan» партиясы кандидатының Республикалық қоғамдық штабының мүшелерімен кездес…