Home Экономика Сенат комитеті республикалық бюджетке түзетулерді қарады
Экономика - 03.04.2019

Сенат комитеті республикалық бюджетке түзетулерді қарады

Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар қаралды, – деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасы 2019-2023 жылдарға арналған нақтыланған макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде әзірленді және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында айтқан тапсырмаларын, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығын іске асыруға бағытталған.

Әлемдегі қазіргі жағдайды, сыртқы нарықтардағы көрсеткіштерді және 2018 жылғы экономикалық даму қорытындыларын ескере отырып, Қазақстан Республикасының 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық даму болжамы аясында 2019 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды.

Осылайша, базалық сценарийде 2019 жылы мұнай бағасы барреліне 55 АҚШ доллары деңгейінде сақталды.

2019 жылы номиналды Жалпы ішкі өнім 64 335,0 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл 2018 жылғы қарашада мақұлданған көрсеткіштен 323,5 млрд теңгеге артық. Жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнім 9 409,2 АҚШ долларын құрайды. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,8 % деңгейінде сақталды.

Ұлттық банк жылдық инфляцияның бұрын жоспарланған 4-6% шегіндегі мақсатты дәлізін сақтап қалды.

2019 жылға арналған республикалық бюджеттің кіріс болжамы (трансферттер түсімін есептемегенде) 6 986,3 млрд.теңге сомасында белгіленді.

2019 жылға арналған трансферттердің түсімдері 621,0 млрд теңгеге ұлғайып, жалпы сомасы 3 466,1 млрд теңгені құрайды.

2019 жылға арналған республикалық бюджет түзетіліп, 1 168,8 млрд теңгеге ұлғайды және бюджеттің шығыстары 11 895,1 млрд теңге сомасында көзделіп отыр.

Көрсетілген ұлғайтуларды, сондай-ақ қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары:

– «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларға 444,3 млрд теңге сомасында;

– Қазақстан Республикасы Президентінің «Бәсекеге қабілеттілікті арттыру жөніндегі кейбір шаралар туралы» тікелей инвестициялар қорын құруға арналған Жарлығын іске асыруға 370,0 млрд теңге сомасында;

– «Жастар жылы» аясындағы шараларға 24,6 млрд теңге сомасында;

– өңірлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шараларға;

– елдің бұрын қабылданған міндеттемелеріне жіберілетін болды.

2019 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығы 347,6 млрд теңгеге ұлғайып, 1 326,6 млрд теңгені немесе Жалпы ішкі өнімнің 2,1% – ын құрады.

Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 20 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында маңызды шешімдер қабылданды және Қазақстан Республикасының Президенті осы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап ететін бірқатар тапсырмалар берген болатын:

– Астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау;

– жаңа мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің-Елбасының Кеңсесін құру;

– бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің және атқарушы органдардағы төменгі санаттағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын арттыру мерзімін биылғы жылдың 1 шілдесінен 1 маусымына ауыстыру.

Бұл тапсырмаларды іске асыру үшін 38,8 млрд теңге талап етіліп отыр, оларды республикалық бюджеттің тапшылығы есебінен оның номиналды мәнін арттыра отырып әрі Жалпы ішкі өнімге қатысты мөлшерін 2,1% деңгейінде сақтай отырып жоспарлау ұсынылады.

Комитеттің кеңейтілген отырысында сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға өзгеріс те қаралды.

Бұл заң жобасымен Ұлттық қордан 2019 жылға арналған республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт көлемі 2 700 млрд.теңге сомасында белгіленді.

2019 жылы республикалық бюджет шығыстарының 23%-ы кепілдік берілген трансферт есебінен қаржыландырылады, бұл Ұлттық қордағы қаражаттың төмендетілмейтін қалдығы бойынша тиісті қаржы жылының соңындағы Жалпы ішкі өнімнің болжамды мәнінен 30%-ы мөлшерінде шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді.

Check Also

Ақтауда кішкентай қызды көліктен итеріп құлатқан өзінің ағасы болып шықты (видео)

Ақтауда оқушы қызға дөрекілік көрсеткен ер адамның әрекеті көпшіліктің наразылығын туғызды…