Home Қоғам Моңғолия президенті қазақ Жекей Қалидолдаұлын генерал шенінен айырды
Қоғам - 28.03.2018

Моңғолия президенті қазақ Жекей Қалидолдаұлын генерал шенінен айырды

Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга бригада генералы Жекей Қалидолдаұлын әскери шенінен айыру туралы Жарлыққа қол қойды деп жазады ҚазАқпарат.

Моңғолия президентінің Жарлығы Конституцияның 34-бабының 1-тармақшасы, «Моңғолия Президенті туралы» заңның 9-бабының 1- тармақшасына, «Әскери қызмет туралы» Заңның 28-бабының 28.2-бөліміне, «Моңғолия азаматтығынан шығару туралы» 2018 жылғы 27 наурыздағы №32 жарлығына негізделген.

Осы жарлықта: «Моңғол елінің азаматтығынан шыққан, Жекей Қалидолдаұлына берілген жоғарғы офицерлік «Бригада генералы» шенінің күші жойылсын», – делінген.

Жекей Қалидолдаұлы 1959 жылы Моңғолияның Алтанцөгц ауылында дүниеге келген – ұлты қазақ, бригада генералы (2007). Ол 1983 жылы Сүхэбаатар атындағы Әскери жоғары оқу орнын, 1990 жылы Мәскеу қаласы Шекара әскери мамандық жетілдіру курсын, 1997 жылы Мәскеу қаласы Шекаралық әскери басқару академиясын бітірген. 1983 жылы Моңғолияның батыс шекарасы «Бұлғын» жасағына қызметке тағайындалады. Әскери қызметін взвод командирлігінен бастап, оншақты жыл аралығында көшпелі топ жетекшісі, штабтың дайындық бөлімінің бастығы, жасақ командирі болып, 2000 жылы әскери ғылым саласында докторлық диссертациясын қорғайды. Ол Баян-Өлгей аймағынан екі рет Моңғолия мемлекетінің Ұлы Хуралына (парламент – авт.) депутат болып сайланған.

Жекей Қалидолдаұлы Моңғолияның жоғары наградалары «Алтын жұлдыз», «Майдан даңқы» орден-медальдарымен марапатталған. Оған 2007 жылдың 27 шілдесінде Моңғолия Президентінің Жарлығымен бригада генералы атағы берілген болатын.

Айта кетерлігі, Жекей Қалидоллаұлы 2012 жылы Қазақстанға қоныс аударды. Моңғолия бұқаралық ақпарат құралдарында оған қарсы «мемлекеттік құпияны сатты, тыңшылық жасады» деген мағынада мақалалар да жазыла бастаған болатын. Ал Президенттің жарлығында «генерал шенінен айыру Моңғолия азаматтығынан шығуына байланысты» деп көрсетілген.

Check Also

Нұрсұлтан Назарбаев: Елімізде саяси бәсеке бар

Елбасы «Nur Otan» партиясы кандидатының Республикалық қоғамдық штабының мүшелерімен кездес…