Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды, – деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Келісімге 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында қол қойылған болатын және ол М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеу шарттарын бекітеді.

Заң жобасын қабылдау Ресей Федерациясы Білім министрлігі мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің филиалды құру және оның жұмыс істеуі туралы келісілген шешім шарттарының және Қазақстан тарапының Қазақстанда филиалдың білім беру қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз ету саласындағы өзіне алған міндеттемелерінің орындалуы үшін құқықтық негіз жасайды.

Филиал өтеусіз пайдалануға берілген Еуразия университетінің мүліктік базасында жұмыс істейді, мүлік алып қоюға және үшінші тұлғаларға беруге жатпайды.

Келісімде мыналар көзделеді:

– филиалда Қазақстан тарихы мен қазақ тілі міндетті түрде оқытылып, даярлықтың «математика», «қолданбалы математика және ақпараттану», «филология», «экология және табиғатты пайдалану», «экономика» бағыттары бойынша оқыту;

– филиалда оқыту күндізгі және күндізгі-сырттай оқыту нысандары бойынша жүзеге асырылады және орыс тілінде жүргізіледі;

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде филиалда оқуды тәмамдаған Мәскеу университетінің түлектері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істеп өтеуі міндетті;

– филиалдың білім беру және қаржылық-шаруашылық қызметіне Келісімнің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру және Қазақстан тарапына бекітіліп берілген мүлікті филиалдың пайдалануы тұрғысынан бірлескен тексеруді жүзеге асыру үшін ведомствоаралық комиссия құру;

– филиалдың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының республикалық бюджетінен мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандар даярлауға бөлінген қаражат есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады;

– Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес Қазақстан тарапының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын қызметті жүргізу үшін филиалды материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету.

Check Also

Асқар Мамин: Жұмысшылардың құқықтарының кемсітілуіне жол бермеу керек

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік өңірлері…