Home Қоғам «Қазақ тілін қорлама»: Қоғам қайраткерлері Павлодар облысы әкімінің қызметінен кетуін талап етті
Қоғам - 16.04.2018

«Қазақ тілін қорлама»: Қоғам қайраткерлері Павлодар облысы әкімінің қызметінен кетуін талап етті

Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлері Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың қызметінен кетуін талап етуде. Бұған себеп, сол өңірдегі белгілі белсенді, «Тіл жанашыры» «Құрмет» белгісінің иегері Руза Бейсенбайтегінің әлеуметтік желіде қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені үшін өзіне күш қолданылғаны туралы айтқан мәлімдемесі.

Бұл туралы newsasia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, қоғамдық орындарда қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған үшін белсендіге күш қолданылса да,  жергілікті полиция қызметкерлері қол ұшын созбаған. 

Бейсенбайтегі «Бақауов, Мемлекеттік тілді қорлатпа!» деген ұранмен акцияға шығып, оның видеосын өзінің фейсбуктегі парақшасында жариялаған болатын.

«Тіл жанашырының» сөзінше, құзырлы орган өкілдері онымен осы мәселеге қатысты сөйлесіп, қазақ тілінің мәртебесі бойынша қажетті шаралар жүргізетінін айтқан екен.

– Жасқайрат Қайыров атты жергілікті полиция басшысы «Біз барлық полиция қызметкерлерін шақырып барлық тұрғын қазақ тілінде сөйлеуге, қазақ тілінде жауап алуға құқылы екенін айтамыз. Тілге байланысты дау шықса, оқиға орнынан барып шешеміз», – деп айтқан болатын.  Арада  бір апта өтсе де,  ешқандай нәтиже болған жоқ, – дейді Руза Бейсенбайтегі.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғауды мақсат тұтқан Руза Бейсенбайтегі Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа екі рет телефонограмма жібергенін де алға тартты.

— Бақауовқа екі рет телефонограмма тастадым. Екеуі де қоғамдық көлікте аялдамаларды, жол ақысын төлеуді қазақ тілінде айтуды сұрағаныма байланысты.  Біріншісінде егер полиция қызметкерлері келмесе, автобустың астына түсемін деп айттым. Ал екіншісінде акция жасағалы жатқанымды хабарладым, – дейді ол.

Атап өту керек, қоғам белсендісінің бұл әрекеті қоғамда қызу талқыға түсіп, қолдаушыларын табуда. Аталмыш дауға белгілі журналист Қазыбек Иса да үн қосты.

– Тіл мәселесі тек кабинетте ғана шешілмейді. Әсіресе, Павлодар секілді орыстанып кеткен қалаларда Рузаның іс-әрекеттеріндей әрекет болмаса, солай қоғамға әсер етпесе, орысша ойлайтын, орысша сөйлейтін әкімдер еш уақытта қозғалмайды. Біздің жазбаларымыздан гөрі Рузаның іс-әрекеті керек қазір. Мен Астанада болғандықтан да, Павлодар, Қостанай, Петропавл, Өскемен қалаларындағы тілдің мүшкіл халін жақсы білемін, аралап жүремін, жазып та жүрмін талай жылдан бері… Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғап, жүйелі іс қылуға шамасы келер деп сенгіміз келеді. Әйтпесе, басқа емес, Ақордаға барып, «Тіл жанашыры» «Құрмет» белгісі марапатын алған Рузадай қоғам қайраткерінің өзі осылай қазақ тілінде сөйлегені үшін жапа шегіп жатса, қарапайым қазақтың күйі қандай болмақ? Өңірде мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтатуға шамасы келмесе, Бақауов бұл қызметте не үшін отыр деген заңды сұрақ та туындайды. Біз облыс әкімі әрбір трамвайды аралап жүру керек демейміз, алайда құзырлы орган басшыларының Мемлекеттік тіл мәртебесін қорғауын қадағалау әкімнің тікелей ең маңызды жұмысы емес пе?.. – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

 

Check Also

Желіде Димаш Құдайбергеннің жаңа бейнебаяны шықты

Димаш Құдайбергеннің су жаңа Couldn’t Leave («Кете алмаймын») атты әні жарық көрді, ол Қыт…