Үш жыл ішінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саласында 69 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Тергеу басқармасының бастығы Қанат Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2016 жылдан бастап 2019 жылдың мамыр айына дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саласында 69 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркеді. Осы салада мемлекетке келген залал – 1,8 млрд теңге. 32 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 24-і сотталған. Талдау көрсеткендей, қылмыстың жартысынан астамын лауазымды тұлғалар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстар актілеріне жалған қол қою арқылы жасайды. Көбінесе бюджет қаражатын ұрлау (25), пара алу (14) және өкілеттікті асыра пайдалану (13) фактілері тіркеледі», – деді ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Мысалы, оның дерегінше, Жамбыл облысында ағымдағы жылдың 14 маусымында «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ө.Мүсірәлиев аса ірі көлемде жалпы сомасы 706 млн теңгені құрайтын бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сонымен қатар, сотталушы бас бостандығы жазасын өтеп болғаннан кейін 3 жыл құрылыс саласында жұмыс істей алмайды. Бұл ақша мемлекеттің 100 пайыз қатысу үлесі бар «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамы үшін магистралды суағар құрылысын салуға арналған. Келтірілген залал толығымен өндірілген.

«Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты ауыз су сатып алуды субсидиялауға бөлінген 30 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Тағы бір жарқын мысал – бәріңізге белгілі Солтүстік Қазақстан облысы Соколов топтық су құбырын қайта жаңарту бойынша келісімшарт жасасу кезінде 60 млн теңге сомасында пара алу фактісі бойынша Су ресурстары комитет төрағасына қатысты қылмыстық іс. Осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, күдікті  соттың санкциясымен күзетпен ұсталуда», – деді  Қ.Сүлейменов.

Check Also

«Мына әкімдер қауіпті»: Иманғали Тасмағанбетовті Ресейдегі «айдаудан» алдыру керек – Қазыбек Иса

ҚАУІПТІ АЙМАҚТАРДАҒЫ ҚАУІПТІ ӘКІМДЕР Қазақ Елі осыдан 28 жыл бұрын Тәуелсіздік алғанын біл…