Home Көзқарас Депутат қызметі жоғарылағанда телефонын ауыстырып, жаңасына «керек адамдарды» ғана қосатын шенеуніктер туралы айтты
Көзқарас - 05.04.2019

Депутат қызметі жоғарылағанда телефонын ауыстырып, жаңасына «керек адамдарды» ғана қосатын шенеуніктер туралы айтты

Кеше таңертең Қызылжардан келген қадірменді қарияны қабылдадым. Жасы сексеннің сеңгірінен асса да, қоғамдық істен қол үзбей жүрген ардақты ағамыз көкейінде жүрген, көше атауларын өзгертуге қатысты ойларын ортаға салды. Мен өз пікірімді білдіріп, ол кісі келіскен сыңай танытты.

Содан кейін ол жуырда қызметі жоғарылап, елордаға ауысқан бір шенеунік кетер алдында өзін бір сағаттай қабылдап, өте сыпайы әңгімелесіп, ұялы телефонының нөмірін бергенін айтты. Алайда, сол азаматқа бүгін қанша қоңырау шалса да, оның телефоны өшіріліп тұрғандықтан, хабарласа алмапты. Сосын менен әлгі шенеуніктің қабылдау бөлмесіндегі телефон нөмірін сұрап алып, менің кабинетімнен тағы қоңырау шалды. Шенеуніктің хатшысы мен көмекшісі «ол кісінің қазір қолы тимейді, кейіндеу өзіміз хабарласамыз» деп уәде берді. Ол уәде түске дейін орындалған жоқ.

Ұнжырғасы түсіңкіреп қалған қарияның көңілін көтеруге тырысып, депутаттардың асханасын көрсетіп, дәм татырып, тоқтаған үйіне дейін шығарып салдым. «Ана кісіден хабар болса, айтарсың…» – деп қалды ол қоштасарында. Алайда, кешке дейін еш хабар болған жоқ…
Міне, біздің кей шенеуніктер осылай. Қызметі жоғарылаған сайын ұялы телефонының «симкасын» ауыстырып, жаңасына өзіне «керек адамдардың» нөмірлерін ғана жазып алады. Қалған «керек емес адамдардікін» бұрынғы «симкасымен» бірге кәрзеңкеге лақтырып тастай салады. Шенеуніктер мен халықтың арасының алшақтауының бір себебі осы.

Сондықтан да еліміздің жаңа Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев билік басында жүрген азаматтарға әлеуметтік желілерде өздерінің жеке парақшаларын ашып, халықпен ұдайы пікір алысып, қарапайым адамдардың мұң-мұқтаждарын біліп отыруды тапсырды. Аспанда қалықтап ұшып жүрген кейбір шенеуніктерді жерге түсірудің бір жолы осы, әрине.

Кәрібай Мұсырман,

Фейсбук парақшасынан

Check Also

Ақтауда кішкентай қызды көліктен итеріп құлатқан өзінің ағасы болып шықты (видео)

Ақтауда оқушы қызға дөрекілік көрсеткен ер адамның әрекеті көпшіліктің наразылығын туғызды…