Белгілі қоғам қайраткері, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса мамырдың 1-күні Қазақстанның бірқатар қалаларында өткен митингтерге қатысты өз пікірін айтты. «Қазақ үні» порталында жарық көрген мақалада автор полицейлердің жас қыздарға көрсеткен дөкейлігін қатты сынға алды, – деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

– Ынтымақ пен бірлік күнін тойламаққа көшеге шыққан көкөрім қыздардың көргені – мынадай еңгезердей полицейлердің бәрі жабылып, сүйрей жөнелуі болса, жетіскен екенбіз. Мына қыздың аты-жөні кім деген сұрақтан бұрын, мына дөкірлердің аттары кім деген сұрақ көкейде бірінші тұрады.. Иә, бұл жас қызды жабылып сүйреп жылатып бара жатқан мына погон таққан үшеудің аттары кім, кімнің баласы, кімнің ағасы немесе әкесі? Бұлар кімнің туысы, досы, ағайыны, көршісі? Бұлардың мына қыздардай қарындастары, қыздары жоқ па?  – деп жазды Қазыбек Иса.

Автор барлық елде көшеге митингіге шыққандар, өздерінің талабын айтып, шеру жасап кетіп жатқанын және одан бүлініп жатқан ешнәрсе жоқ екенін жазды. Әсіресе, әнұран айтып кетіп бара жатқан қызды үш полицейдің жабыла сүйреткені қоғам қайраткерінің ашуына тиген.

– Әлеуметтік желіде Мемлекетіміздің әнұранын айтып бара жатқан қызды сүйреп бара жатқан полицейлердің видеосы да таралуда. Сонда біздің полицейлер Тәуелсіз Қазақ Елінің әнұраны айтылуына қарсы ма? – деді «Ақ жол» төрағасының орынбасары.

Атап өту керек, кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында 1 мамыр күні Қазақстан қалаларында өткен митингілерге қатысты пікір білдірген болатын. Онда министр бүгінгі таңда азаматтарға акцияларды заңды түрде өткізуге рұқсат алу үшін еш кедергі жоқтығын ерекше атап өткен болатын.

Алайда, белгілі ақын Қазыбек Исаның пікірінше, ел билігі елдің сөзін қалыпты тыңдау деңгейіне әлі жетпеген. «Әкімдіктердің Митингі өткізуге Өмірде берілмейтін рұқсаттары тек жазалауға себеп үшін ғана керек пе?» деген мақала авторы кезінде Астананың «Қазмедиа» орталығы алдына аналарымен шыққан балаларды, шешелерімен қосып, шетінен автобусқа сүйреп кіргізіп, алып кеткен полицейлердің қылығын да тілге тиек етті.

– Кейінгі отыз жылдай уақытта біздің полицияда «Ат! » десең – Атасын ататындар дайындалып шықты. Оған кеше 2011 жылы Жаңаөзенде куә болдық! 1986 жылғы, Кеңес империясына бодан кезіміздегі қырғыннан 2011 жылғы Тәуелсіз Қазақстан кезіндегі қырғын асып түсті. Өйткені, 1986 жылы өзге елдерден әкелінген солдаттар өзіміздің Қазақ полициясы секілді бауырларын қуалап жүріп атып, қырып салған жоқ… «Тағы шықса, тағы атамыз » деді бүлк етпей Ресей тілінде сөйлейтін сол кездегі министр Қасымов…. Жалпы, БІЗДІҢ ПОЛИЦИЯНЫҢ ДЕҢГЕЙІ… қандай ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ Тұрғынбеков мырза? – деп түйіндеді өз сөзін Қ. Иса.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі 1 мамырда Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында Бас прокуратураның ресми хабарламасына қарамастан, санкцияланбаған митингілер мен азаматтардың жиналуы орын алғаны туралы мәлімет таратқан болатын.

Онда акцияға қатысушыларға өздерінің ұстанымдары мен әлеуметтік және басқа да проблемалық мәселелер бойынша пікірлерін еркін және ашық білдіруге мүмкіндік берілгені туралы жазылған.

«Алайда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жекелеген жиналғандар тобы өздерін агрессиялық түрде ұстап, тыйым салынған «ДВК» экстремистік ұйымының ұрандарын айқайлап айтып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Осыған байланысты әкімдіктер мен прокуратура өкілдері бейбіт митингілер, жиналыстар мен шерулер өткізу тәртібі туралы заңнаманың ережелерін түсіндірді. Жекелеген азаматтар заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарға бағынбады. Сонан кейін полиция күшімен қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру және тәртіп бұзушыларды ұстау шаралары қабылданды» – делінген ІІМ ресми хабарламасында.

Check Also

«Мына әкімдер қауіпті»: Иманғали Тасмағанбетовті Ресейдегі «айдаудан» алдыру керек – Қазыбек Иса

ҚАУІПТІ АЙМАҚТАРДАҒЫ ҚАУІПТІ ӘКІМДЕР Қазақ Елі осыдан 28 жыл бұрын Тәуелсіздік алғанын біл…