Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар еліміздегі телеарналарда ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған бағдарламаларды көбейтуді сұрады. Осы орайда олар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды ақпараттық қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда, айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер де бар. Кейбір телеарналарда ұлттық құндылықтарымызды насихаттамақ түгіл, оларды өрескел бұрмалайтын, тіпті нешетүрлі азғындықты ашық дәріптейтін телеөнімдерді көрсету тыйылмай тұр. Бұған Парламент Мәжілісіне келіп түсіп жатқан хаттар, республикалық газеттерде және әлеуметтік желілерде жазылып жүрген сыни пікірлер айғақ», – деді депутат Кәрібай Мұсырман.

Осы орайда, ол кейбір телеарна қызметкерлерінің  «атын шығару үшін жер өртеуге дейін баратын» теріс пиғылы жұртшылықтың орынды ашу-ызасын туғызғанын атап өтті.  Бұл ретте депутат тиісті ұсыныстарды қарастыруды сұрады.

«Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының және қызметкерлерінің қатысуымен  кеңінен талқылауды ұйымдастырған жөн. Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, қазақстандық қоғамда қалыптасқан адамгершілік принциптерін қатаң қадағалауды ұсыну керек. Қажеттігіне қарай, қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылсын», – деді К. Мұсырман.

Оның пайымынша, мемлекеттік ақпараттық тапсырма аясында «Қазақстан» және «Хабар» мемлекеттік телеарналарында Елбасы ұсынған «Туған жер» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларын кеңінен насихаттауға арналған тақырыптық бағдарламалар ашу мәселесін қарастырған жөн.

Check Also

Нұрсұлтан Назарбаев: Елімізде саяси бәсеке бар

Елбасы «Nur Otan» партиясы кандидатының Республикалық қоғамдық штабының мүшелерімен кездес…