Елорда әкімдігі қала тұрғындарын «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясына қатысуға шақырды. Екі айлық акцияның мақсаты тіл нормаларына сәйкес келмейтін сыртқы жарнамалардың барлық нысандарын тексеру екен.

Бұл туралы newsasia.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының бас маманы Айгүл Иманғалидің айтуынша, акция аясында ведомство қызметкерлері осы уақыт ішінде аудандық әкімдіктермен, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармалары, Кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалымен бірлесіп, заңсыз орнатылған, сондай-ақ тіл нормаларына сәйкес келмейтін сыртқы жарнамалардың барлық нысандарын тексеріп, тиісті ұсыныстар береді, аталған бизнес-нысандардың иелеріне «Тіл туралы» заңның нормаларын түсіндіреді.

«Біздің басқармаға тұрғындар тарапынан мемлекеттік тілде жазылған сыртқы жарнама мәтіндерінде, басқа да көптеген көрнекі материалдарда өрескел қателердің болуына, сондай-ақ, заңнаманың басқа да талаптарының сақталмауына қатысты шағымдар жиі түседі. Біз біреуді жазалау мақсатын көздемейміз, біз заңның негізгі талаптарын түсіндіретін боламыз. Біздің басты мақсатымыз – осы», – дейді Айгүл Иманғали.

Акция барысында ПИК қызметкерлері үшін семинар-тренингтер өткізіледі. А. Иманғали атап өткендей, кіреберістен бастап, барлық көрнекі ақпарат заң талаптарына сәйкес келуі үшін ретке келтірілетін болады. Бұл іс-шаралармен жеке балабақшалар, балаларға арналған түрлі орталықтар қамтылатын болады.

Тіл нормаларын бұзуды растайтын ақпарат пен фотосуреттерді мына мекенжай бойынша электрондық поштаға жіберуге болады: a.imangali@astana.kz. Сондай-ақ, ақпарат Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Тіл басқармасы» аккаунтында қабылданады. Хатта сыртқы жарнаманың орнын, фотосуреттің жасалған күнін көрсету қажет.

Check Also

Ақтауда кішкентай қызды көліктен итеріп құлатқан өзінің ағасы болып шықты (видео)

Ақтауда оқушы қызға дөрекілік көрсеткен ер адамның әрекеті көпшіліктің наразылығын туғызды…