Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин халықты баспанамен қамту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкімет басшысының айтуынша, тұрмысы төмен азаматтар үшін арендалық тұрғын үйдің құрылысы екі есеге артатын болады. Осылайша, аталған санаттағы баспананың жылдық көрсеткіші 20 мың пәтерге жетеді. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін баспананың саны 3 есеге өсіп, 3 000 пәтерге дейін ұлғаяды.

«Жалпы, 2019 жылы әлеуметтік салаға бөлінетін қаржының көлемі 7,1 триллион теңгеге дейін артады. Үкімет осы саладағы шараларды тиімді іске асыруға күш салатын болады», – деді Мамин үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Премьердің сөзіне қарағанда, құрылыс қарқыны Қызылорда, Қарағанды және Атырау облыстарында жоғары. Бірақ төрт өңірде көрсеткіштен төмен. Олар – Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Айта кетсек, бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Check Also

Желіде Димаш Құдайбергеннің жаңа бейнебаяны шықты

Димаш Құдайбергеннің су жаңа Couldn’t Leave («Кете алмаймын») атты әні жарық көрді, ол Қыт…