Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордада масаның күрт көбейіп кетуіне қатысты халықтың арыз-шағымы туралы пікір білдірді, – деп жазады newsasia.kz ақпарат агенттігі.

«Масаға таланған халықтан түсетін арыз-шағым саны артып барады. Аудан әкімдері мен басқа да жауапты азаматтарға бұл келеңсіздікпен күресуге пәрмен бердім. Мүмкін дезинсекция қоспаларының құрамына өзгеріс енгізу керек шығар», – деп жазды шаһар басшысы өзінің Твиттер парақшасында.

Сонымен қатар, Асель Сатаева есімді желі қолданушысының «ЭКСПО өткеннен бері масаға қарсы жұмыстар жүргізілмеген секілді» деген пікіріне жауап берген Көлгінов елорданың бұрыңғы әкімдерін қатал сынға алды.

«Менің алдымдағы әкімдердің не ойлағанын білмеймін, бірақ халықты ойламағаны анық. Егер мен жұмыс жасаған Орал қаласына барсаңыз, мұндай мәселелер мүлдем жоқ», – деп жазды ол.

Алайда, кейіннен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі әлеуметтік желіде Алтай Көлгіновтың атынан жалған парақшалар ашылғаны туралы хабар таратты.

«Әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің атынан ашылған жалған аккаунттар пайда болды. Осыған байланысты, Алтай Көлгіновтің Twitter @AltayKulginov (твиттерге тіркелген уақыты 2017 жылдың қараша айы), Facebook, instagram @altay_kulginov_official әлеуметтік желілерінде ғана тіркелгенін хабарлаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік желілерді пайдаланушыларын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің жоғарыда аталған ресми аккаунтарында келтірілген ақпаратты пайдалануды сұраймыз» делінген хабарламада.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, Әр аудан бойынша 6-8 шілде аралығында дезинсекциялық іс-шаралар өткізілді. Есіл ауданы бойынша «Жетісу» және «Столичный» саябақтары, Есіл өзенінің жағалауындағы Амфитеатр, Астаналық цирк, «Астана» концерт залы, «Хан-шатыр» СОО аумағы, «Үркер» тұрғын алабының №2 секторы учаскесі, «Үркер» тұрғын алабының №2 учаскесі, «Барыс-Арена» спорт кешені, «Астана Опера», «Астана Балет», ЭКСПО кешенінің жазғы сахнасы, «Happylon MEGA Silk way» және «Happуlon Keruen» орындарында масадан тазарту шаралары жүргізілді. Оған 2 энтомолог, 26 дезинфектор, 3 термогенератор бригадасы, 3 автокөлік,1 микроавтобус, 1 ДУ-1000 техникасы жұмылдырылды. Алматы ауданы бойынша Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының оң және сол жағы тазаланды.

Оған 3 бригада, 3 автокөлік, 3 биолог қатысты, олар тиісті жұмысты термогенераторлар, жел генераторы және роторлық бүріккіштер арқылы жүргізетін болады. Сарыарқа ауданы бойынша «Көктал-1» тұрғын алабының аумағы өңделді. Маса-шіркейге қарсы жұмысқа 2 термогенератор бригадасы, 3 автокөлік, 1 энтомолог және 1 ДУ-1000 техникасы жұмылдырылды.

 

Check Also

«Мына әкімдер қауіпті»: Иманғали Тасмағанбетовті Ресейдегі «айдаудан» алдыру керек – Қазыбек Иса

ҚАУІПТІ АЙМАҚТАРДАҒЫ ҚАУІПТІ ӘКІМДЕР Қазақ Елі осыдан 28 жыл бұрын Тәуелсіздік алғанын біл…