Home Қоғам Өскеменде оқушылар мектепке бару үшін пойыз астынан еңбектеп өтуге мәжбүр
Қоғам - 05.09.2018

Өскеменде оқушылар мектепке бару үшін пойыз астынан еңбектеп өтуге мәжбүр

Жаңа оқу жылы бастала салысымен, оқушылар өз өмірін қатерге тігуде. Дәлірек айтқанда, Өскемендегі шағын ауданда тұратын балалар мектепке жету үшін пойыз вагондарының астынан өтуге мәжбүр. Жергілікті тұрғындар бірнеше жылдан бері аса қауіпті өткелді жаяу кесіп, жандарын шүберекке түйіп жүр.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Өскемендегі №6 мектепте оқитын жиырмаға жуық оқушы үшін білім ордасына жететін қауіпсіз жол жоқтың қасы. Республика көшесі – осы шағын аудандағы өткелдің оң жағында орналасқан жалғыс көше. Сондықтан, мектеп пен дүкенге, аялдамаға жету үшін тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын бұзуға тура келеді.

«Жүретін жол жоқ. Қарлығаш емеспіз, ұша алмаймыз. Қайта-қайта еңбектеп жүруіміз керек. Қазір қыс келсе, еңбектейтін де жағдай болмай қалады» – дейді қала тұрғыны Ринат Мұстафин.

Теміржол бойына бөгде адамдарды жолатпайтын күзет бар. Шойын жол шаһарға апарар жалғыз жол болса да, олар ешкімді өткізбейді.

«Мысалы, қазір пойыз келе жатса, бізге хабарлайды, біз сол бойда балалар мен ересектерге теміржолдан өтуге тыйым саламыз. Бірақ, біз бұл жерді үнемі күзете алмаймыз» – дейді теміржол өткелінің жұмысшысы Мұхтар Асанов.

Мұндағы жандардың басты мақсаты – теміржолдың ар жағына аман-есен өту. Көпір салынса, тіпті қатып кетер еді, дейді тұрғындар. Ата-аналарда ең болмаса, үйден мектепке дейін орталықтандырылған автобус тасымалы қолға алынса деген тілек бар. Бұл бастаманы мұғалімдер де қолдап отыр.

«Түсіндіреміз, сұхбат жүргіземіз. Қолда басқа шама тұрған жоқ. Баланың қауіпсіздігі ең бірінші орында деп санаймыз» – дейді №6 мектебінің директоры Гүлжан Мамежанова.

Қазір ата-аналар әкімдікке хат дайындап жатыр. Олар ұл-қызының мектепке алаңсыз барып, аман қайтуын тілейді. Ал сабаққа асыққан балалардың бірі мертіккенге дейін шенеуніктер мәселені шешеді деген үміттері зор.

Check Also

«Мына әкімдер қауіпті»: Иманғали Тасмағанбетовті Ресейдегі «айдаудан» алдыру керек – Қазыбек Иса

ҚАУІПТІ АЙМАҚТАРДАҒЫ ҚАУІПТІ ӘКІМДЕР Қазақ Елі осыдан 28 жыл бұрын Тәуелсіздік алғанын біл…